Иранның жоғарғы көсемі Моджтаба Хаменеи халыққа үндеу жолдап, қазір Ислам Республикасы АҚШ және Израильмен қақтығыста жеңіске жеткенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі РИА Новости-ге сілтеме жасап.
Ол АҚШ-пен келіссөздер аясында Тегеран соғысқа ұмтылмайтынын, бірақ өз құқығынан бас тартпайтынын да жеткізді. Моджтаба Хаменеи Тегеран Ормуз бұғазын бақылай беретінін айтты.
"Ормуз бұғазын басқаруды міндетті түрде жаңа кезеңге шығарамыз", - деді ол.
Иранның жоғарғы көсемі Тегеран қақтығыс барысында АҚШ пен Израиль келтірген шығын үшін репарация талап ететінін мәлімдеді.
"Келтірілген әрбір шығын мен төгілген шәһиттердің қаны үшін міндетті түрде өтемақы талап етеміз", - деді Моджтаба Хаменеи.
Сондай-ақ, ол Иранның бұрынғы көсемі Әли Хаменеи мен басқа да қаза тапқан ирандықтардың өлімі үшін кек алуға бел буып отырғанын жеткізді.
Парсы шығанағы елдеріне үн қатқан Моджтаба Хаменеи оңтүстік көршілерін "дұрыс жақты таңдауға" және "ібілістердің жалған уәделеріне ермеуге" шақырды.
Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп 8 сәуірге қараған түні Иранмен екі аптаға атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Кейінірек ол Тегеранмен бейбіт келісім сәтсіз аяқталса, Иран үшін зардабы өте ауыр болатынын да ескертті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова