Иранның жаңа жоғары көсемі қызметіне кім тағайындалғаны белгілі болды

Әли Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеи Иранның жаңа жоғары көсемі болып тағайындалды. Бұл туралы Iran International басылымы мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дереккөздерге сүйенген басылым мәліметінше, Ислам революциясының қамқоршылар корпусының қысымымен Иран сарапшылар Ассамблеясы Әли Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеиді елдің келесі жоғары көсемі етіп сайлаған.

Әли Хаменеи қайтыс болғаннан кейін Иранды уақытша үш адамнан тұратын кеңес басқарды: президент Масуд Пезешкиан, сот билігінің басшысы Голям Хосейн Мохсени-Эджей және Конституция сақшылары кеңесінің мүшесі аятолла Әлиреза Арафи.

Айта кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастады. Тель-Авив соққының мақсаты Тегеран ядролық қару алуына жол бермеу екенін мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп та Иран флоты мен қорғаныс өнеркәсібін жоюға ниет білдірді.

Жексенбіге қараған түні Иранның жоғары көсемі Әли Хаменеи қайтыс болғаны жарияланды. 

Тегеран жауап ретінде Израиль аумағына, сондай-ақ, Таяу Шығыстағы Америка базаларына шабуыл жасады.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп New York Times газетіне берген сұхбатында АҚШ әскери күштері қажет болған жағдайда Иранға шабуылды төрт-бес апта бойы жалғастыруға ниетті екенін айтты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!