Иранға қарсы операция: АҚШ бір аптада 6 млрд доллар жұмсаған

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы бірлескен әскери операциясының алғашқы аптасы Вашингтонға шамамен 6 миллиард доллар шығын әкелді. Алайда бұл қақтығыста жеңіс қандай болатыны әзірге нақты емес, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.

New York Times басылымының мәліметінше, Пентагон өкілдері осы аптада АҚШ Конгресіне алғашқы жеті күндегі әскери әрекеттерге кеткен шығын шамамен 6 миллиард доллар болғанын хабарлаған. Оның шамамен 4 миллиард доллары оқ-дәріге жұмсалған. Оның ішінде Иранның жауап соққыларын тойтару үшін пайдаланылған зымыран-тосқауылдар да бар.

Ауқымды соққылар және Иранның әскери әлеуеті

Басылымның жазуынша, "Тегерандағы кешенге жасалған соққы соғыстың алғашқы аптасындағы күрделі жағдайды көрсетеді: АҚШ пен Израиль әлсіреген қарсыласқа қарсы жойқын әуе шабуылдарын жасап жатыр. Бірақ бұл соғыстағы жеңістің қандай болатыны туралы нақты жауап жоқ".

Қақтығыс басталғалы бері америкалық және израильдік күштер Иран аумағындағы нысандарға шамамен 4 мың соққы жасаған. Олардың қатарында баллистикалық зымыран, әскери штабтар және әскери-теңіз күштерінің нысандары бар.

Соған қарамастан, Тегеран өзінің әскери әлеуетінің едәуір бөлігін сақтап отыр. АҚШ шенеуніктерінің Конгреске жабық брифингтерде берген бағалауына сәйкес, Иран әлі де өзінің зымыран арсеналының шамамен жартысына ие және көп дроны бар.

Еске салайық, Таяу Шығыстағы әскери қақтығыс басталғаннан бері интернетте Cost of the Iran War ("Ирандағы соғыстың құны") атты сайт пайда болды. Бұл ресурс АҚШ-тың Иранға қарсы операциясына жұмсалған шығынды нақты уақыт режимінде есептеп отырады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!