Әлеуметтік желілерде Иран аумағында "қышқыл бұлттар" пайда болып, олар Орталық Азия елдеріне жетуі мүмкін деген ақпарат тарап кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазгидромет мамандарының мәліметінше, жүргізілген бақылау нәтижесінде мұндай хабарламалар расталмаған.
"Иран үстінде пайда болды және Орталық Азия елдеріне жетуі мүмкін делінген "қышқыл бұлттар" туралы ақпарат ғылыми дерекпен де, жүргізілген бақылаулармен де дәлелденбеген. Қышқыл жауын-шашын атмосфераға негізінен өнеркәсіп, энергетика, көліктен бөлінетін күкірт пен азот оксиді әсерінен түзіледі. Әдетте мұндай құбылыстар ластаушы көздерге жақын аймақтарда байқалады. Ауа массалары алыс қашыққа таралған кезде бұл заттардың концентрациясы атмосферадағы табиғи процесс әсерінен едәуір төмендейді", - деп жазылған хабарламада.
Мониторинг дерегіне сәйкес мұндай ластаушы заттардың Қазақстан мен Орталық Азия елдері бағытына таралу белгілері тіркелмеген.
Еске салайық, бұған дейін Иранның Қызыл Жарты ай ұйымы мұнай қоймаларындағы жарылыс салдары қышқыл жауынға ұласуы мүмкін екенін ескертті.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!