2 наурыздағы саудада мұнай бағасы күрт өсті. 28 ақпанда басталған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы және Ислам Республикасының жауап соққыларынан кейін нарықта осындай өзгеріс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі РБК-ға сілтеме жасап.
Лондон ICE биржасында мамырдағы Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы 13,04 пайызға өсіп, баррелі 82,37 доллар болды. Бұл - Астана уақыты бойынша таңғы сағат 4:00-дегі мәлімет.
Бұған дейін мұнай барреліне 82 доллардан жоғары деңгейде 2025 жылы 16 қаңтарда саудаланған еді.
Кейін өсім баяулап, 8,93 пайыз болды, мұнай барреліне 79,38 доллар деңгейінде саудаланды.
Айта кетейік, Ормуз бұғазы ресми түрде жабылған жоқ, алайда үш танкер соққыға ұшырады, ірі мұнай компаниялары мен трейдерлер мұнай, жанармай жөнелтуді уақытша тоқтатты. Бұғаз арқылы өтетін трафик 38-50 пайызға төмендеді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова