Тегеран революциялық соты 15-бөлімшесінің судьясы Әбілқасым Салават қоғамдық орында билеген жұпты 10,5 жылға бас бостандығынан айырды. Оларды қауіпсіздік қызметкерлері Тегерандағы Азади алаңына жақын маңда билеген видеолары үшін қамауға алған, - деп хабарлайды mediazona.ca "Аль-Арабияға" сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, 21 жастағы Амир Ахмади мен оның сүйіктісі Астиадж Хагиги "жамандықты насихаттады", "ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіру үшін сөз байласты" және аятолл режиміне нұқсан келтіретін ақпаратты таратты деген айыптар бойынша кінәлі деп танылған. Олардың әрқайсы алдағы 10 жыл 6 айды түрмеде өткізеді.
Сондай-ақ, сот оларға түрмеден шыққаннан кейін екі жыл ішінде интернетті пайдалануға және Ираннан кетуге тыйым салған. Сот отырысы адвокатсыз өткен.
Еске салайық, бұған дейін Иран билігі әдеп полициясы таратылғанын растағаны хабарланған болатын. Алайда билік бұл шешімге келмес бұрын республикада екі жарым айға созылған жаппай наразылық пен тәртіпсіздіктер болған еді. Өйткені Иранның Күрдістан аумағында тұратын Махса Амини есімді 22 жастағы қыз 13 қыркүйекте Тегеранға келген. Метродан шығып келе жатқан кезде оны полицейлер ұстаған. Себебі Амини хиджабты дұрыс тақпай, шашы көрініп қалған. Ұсталғаннан кейін бірнеше сағаттан соң Амини комаға түскен. Ол 16 қыркүйекте ауруханада қайтыс болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!