Иран тағы бір елдің кемелеріне Ормуз бұғазы арқылы өтуге рұқсат берді

Иран билігі Мұнай экспорттаушы елдер ұйымындағы мұнай өндіру көлемі бойынша екінші ірі ел саналатын Иракты Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына қойылған шектеулерден босатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Bloomberg-ке сілтеме жасап.

"Бауырлас Ирак Ормуз бұғазында енгізілген кез келген шектеуден босатылады", — делінген мәлімдемеде.

Агенттіктің мәліметінше, бұл шешім Ирак мұнайының экспорт көлемін тәулігіне 3 миллион баррельге дейін арттыруы мүмкін.

Дегенмен мұның нақты әсері кеме компанияларының сақталып отырған қауіп-қатер жағдайында бұғаз арқылы жүруге қаншалық дайын болатынына байланысты. Сондай-ақ, бұл жеңілдік Ирактың барлық экспортына қатысты ма, әлде тек осы елдің туы астында жүзетін кемелерге ғана тарай ма, әзірге белгісіз. Оның қалай жүзеге асырылатыны да нақты айтылмаған.

Bloomberg мәліметінше, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы аясында бұғаздағы кеме қозғалысы біртіндеп қалпына келе бастағанымен, ол әлі де соғысқа дейінгі деңгейден айтарлықтай төмен. Бұған дейін Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімінің шамамен бестен бірі тасымалданған.

Соғыстың алғашқы апталарында Ирак пен Парсы шығанағындағы өзге де негізгі мұнай өндіруші елдер мұнай өндіру көлемін күрт қысқартуға мәжбүр болды. Себебі негізгі экспорттық бағыт жабылып, мұнай сақтайтын қоймалар шегіне дейін толып кеткен.

Наурызда Ирак мұнайының экспорты шамамен 97 пайызға төмендеп, тәулігіне 99 мың баррельге дейін азайған. Агенттік мәліметінше, негізгі жеткізілімдер Түркия арқылы Джейхан портына тартылған құбыр желісімен жүзеге асырылған.

Тегеранның Ирак кемелері үшін бұғазды ашу туралы шешімі теңіз арқылы мұнай жеткізілімін ішінара қалпына келтіруге мүмкіндік беруі мүмкін. Алайда жарияланымда танкерлер тапшылығы мен отын өндірісін ұлғайтуға қатысты белгісіз шектеулер әрі бары айтылған.

Бес аптаға созылған соғыс басталғаннан кейін Тегеран Ормуз бұғазы арқылы жүк тасымалын тоқтататынын мәлімдеген еді. Қазір бұл теңіз жолымен тек Иранға дос мемлекеттерге өтуге рұқсат беріліп отыр. Tasnim агенттігінің мәліметінше, олардың қатарында Ресей, Қытай, Үндістан және Пәкістан бар.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!