Иран президенті Масуд Пезешкиан Тегеран ешқандай күштің алдында бас имейтінін мәлімдеді. Ол Иранның жаулары зымыран, бомба мен ұшақтың көмегімен бұл елді бағындыра алмайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Анадолу" агенттігіне сілтеме жасап.
"Біз берілмейміз. Біздің дәлеліміз бар, біз өз еліміздің мүддесін батыл қорғай аламыз және халқымыздың қолдауымен оның құқығын қорғаймыз", - деді Масуд Пезешкиан.
Сонымен қатар, "Хатам әл-Анбия" орталық штабының қолбасшысы, генерал-майор Әли Абдуллахи АҚШ пен оның одақтастарын Иранға қатысты тағы да стратегиялық қате жібермеуге шақырды. Ол Тегеран Ислам Республикасына жасалған кез келген шабуылға бар күш-қуатымен батыл жауап беретінін ескертті.
"Олар Иран мен оның қарулы күштері сақадай сай екенін және қазір бұрынғыдан да қуатты екенін білуге тиіс. Олар жау тарапынан жасалған кез келген жаңа шабуылға батыл, ауқымды және бар пәрменімен жауап береді", - деді Әли Абдуллахи.
Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Truth Social желісінде АҚШ бейбіт келісімге қол жеткізу үшін 19 мамырға жоспарланған Иранға жасалатын шабуылды кейінге қалдырғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар, Ақ үй басшысы америкалық әскерилерге Иранға қарсы кең ауқымды шабуылға дайындалуды бұйырды. Тараптар нақты келісімге келе алмаса, бұл шабуыл басталады, алайда нақты мерзімі аталған жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова