Иранның әуе қорғанысы Ормуз бұғазы маңында америкалық A-10 шабуылдаушы ұшағын атып түсірді. Бұл туралы 3 сәуірде кешке Иран әскери күштері мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі DW-ге сілтеме жасап.
"Әскердің әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары АҚШ-тың A-10 ұшағы атып түсірді, ол Парсы шығанағының суына құлады", - деп Иранның мемлекеттік телерадио компаниясы IRIB келтірген армия мәлімдемесінде айтылған.
Бұған дейін The New York Times газеті АҚШ Әуе күштеріне тиесілі A-10 Thunderbolt II шабуылдаушы ұшағы Парсы шығанағы маңында апатқа ұшырағанын жазған болатын. Басылым дереккөздерінің айтуынша, ұшақ Ормуз бұғазының маңына құлаған, ал ұшқыш құтқарылған. Алайда ұшақтың құлау себебі хабарланбаған.
Бұл шабуылдаушы ұшақ АҚШ Әуе күштерінің Таяу Шығыста кейінгі 24 сағат ішінде жоғалтқан екінші әскери ұшағы болуы мүмкін. Бұған дейін жұмада Ислам революциясы сақшылар корпусы да ирандық әуе қорғанысы күштері америкалық жойғыш ұшақты атып түсіргенін мәлімдеген еді. Бастапқыда Иран тарапы оның F-35 екенін хабарлаған, алайда сарапшылар жарияланған сынық суреттерін зерттей келе, бұл F-15E екенін анықтаған.
АҚШ әкімшілігі әскери ұшақтың жоғалғанын растады. Ұшқыштарды іздеуге екі тарап та кіріскен. Америкалық БАҚ мәліметінше, экипаждың екі мүшесінің бірі құтқарылған, ал екінші ұшқыштың тағдыры әзірге белгісіз.
АҚШ президенті Дональд Трамп NBC News медиакомпаниясына берген пікірінде жауынгерлік ұшақтардың жоғалуы Иранмен келіссөздерге әсер етпейтінін айтты.
"Жоқ, мүлде әсер етпейді. Бұл - соғыс", - деді ол.
Трамп атып түсірілген F-15E ұшағы экипажының екінші мүшесі тұтқынға түссе немесе жараланса, қандай қадам жасайтыны туралы сұраққа жауап бермеді.
"Мен бұған пікір бере алмаймын, өйткені мұндай жағдай болмайды деп үміттенеміз", - деді Трамп.
Иранның Tasnim агенттігі ирандық әскери күштер әуе қорғанысы жүйесі атып түсіргеннен кейін катапультпен секірген америкалық ұшқышты тұтқынға алуы мүмкін екенін хабарлады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!