Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Иран мен Израильдің арасындағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты шетелдегі қазақстандықтарды сақ болуға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астанада өткен баспасөз мәслихатында Айбек Смадияровқа "Өткен аптада Иран Израильге әуе шабуылын жасады. Салдарынан екі елдің арасында соғыс қаупі туындады. Осыған байланысты Иран мен Израильдегі қазақстандықтар елшіліктен көмек сұрады ма? " деген сауал жолданды.
Ол шетелдегі Қазақстанда елшіліктері бақылап отырғанын жеткізді.
"Жағдай оңай емес. Егер қазақстандықтар сол өңірде жүрсе, өз қауіпсіздігін ойлауы керек. Бірақ қос елдегі Қазақстан елшілігі 24 сағат жұмыс істейді. Олардың телефон нөмірі интернетте көрсетілген... Қазақстан азаматтары Иранда да, Израиль де бар. Жағдай қатты күреленіп жатса, мемлекет бәріне көмектеседі. Қазір бәрі дұрыс", - деді ол.
Айбек Смадияров бүгінде Иран мен Израильдің шекарасы мен әуежайы ашық екенін атап өтті.
"Израиль аумағында консулдық есепте тұрған 123 қазақстандық бар. Оның ішінде Қазақстан елшілігі қызметкерлері мен жанұя мүшелері де бар. Бірақ кейбір расталмаған деректер бойынша Израильде қосымша 100-ге жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін. Олар консулдық есепке мүлдем тұрмаған. Бірақ енді бір-бірімен неше түрлі чаттарда, әлеуметтік желі арқылы араласып жатады, сол арқылы біліп жатамыз. Ондай азаматтардың консулдық есепке тұруға мәжбүрлей алмаймыз.
Сонымен қатар, Иранда консулдық есепте 104 қазақстандық тұр. Оның арасында Қазақстан елшілігінің қызметкерлері және солардың жанұя мүшелері бар. Иран аумағында жұмыс істейтін қазақстандық компаниялардың бірінде 174 қызметкер тіркелген. Олар вахталық әдіспен жұмыс істейтіндіктен консулдық есепке тұрмайды. Олардың бәрімен тікелей байланыс орнатылған, бәрі бақылауда", - деді ресми өкіл.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!