Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи АҚШ пен Израильдің операциясы салдарынан қаза тапты. Бұл ақпаратты Иранның Tasnim, IRNA, ISNA, Mehr және Fars мемлекеттік агенттіктері растады. Елде аза тұту жарияланып, демалыс күндері белгіленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ирандық БАҚ мәліметінше, Ислам революциясының жоғарғы көшбасшысы өзінің жұмыс орнында көз жұмған.
"Ол шәһид болған сәтте өзіне жүктелген міндеттерін атқарып, жұмыс орнында отырған. Бұл қорқақтардың шабуылы сенбіде таңсәріде жасалды", - деп хабарлайды Tasnim агенттігі.
"Сионистік режимге қатысы бар аймақтағы кейбір ақпарат құралдары революция жетекшісі өлім қаупінен қорқып, қауіпсіз жерде жасырынып жүр деп бірнеше рет хабарлаған", - деп жазған ирандық БАҚ.
Ел үкіметі бүкілхалықтық 40 күндік аза тұту мен 7 күндік жалпыхалықтық демалыс жариялады.
"Жақын арада Иран Ислам Республикасының қарулы күштері тарихындағы ең жойқын шабуыл операциясы басталуға тиіс. Ол басып алынған аумақтар мен АҚШ базаларына бағытталады", - деп мәлімдеді Ислам революциясы сақшылары корпусы.
Аятолланың қазасы туралы бұған дейін Израиль шенеуніктері мәлімдеген, кейін АҚШ президенті Дональд Трамп оның қаза тапқанын жариялаған еді, алайда Иран билігі мұны жоққа шығарған болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз