Ирандық БАҚ АҚШ-тың алыс қашықтағы радиолокациялық бақылау және басқару ұшағы - E-3 AWACS-ке тиесілі делінген суреттерді жариялады. Мәлімет бойынша, бұл ұшақ Сауд Арабиясындағы ханзада Сұлтан атындағы әуебазаға жасалған соққы кезінде қатты зақымданған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Суреттерде ұшақтың екіге бөлінгені байқалады. Егер бұл ақпарат ресми түрде расталса, онда бұл - E-3 ұшағы алғаш рет қақтығыс кезінде жойылды деген сөз.
Boeing E-3 Sentry, яғни AWACS (Airborne Warning and Control System) - бұл ұшатын басқару орталығы әрі қуатты радар. Оның төбесінде орналасқан үлкен айналмалы радар төмен ұшатын нысандарды да анықтай алады, мұндай нысандарды жердегі радарлар жиі байқамайды. Оның бақылау радиусы 400 шақырымнан асады. Стационарлық радарлардан айырмашылығы - AWACS әлемнің кез келген нүктесіне жылдам жетіп, баллистикалық зымырандармен жою қиынырақ. Ұшақтағы офицерлер жойғыш ұшақтардың әрекетін үйлестіріп, нысанаға бағыттайды, әуеде жанармай құю процесін басқарады және әуе кеңістігінің қауіпсіздігін бақылайды.
Соңғы буындағы толық жабдықталған бір ұшақтың құны шамамен 400–500 миллион доллар немесе одан да жоғары.
Иранның Сауд Арабиясындағы әуебазаға жасаған шабуылын америкалық БАҚ та растады. Мәлімет бойынша, 12 америкалық әскери қызметкер жарақат алған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз