Иран АҚШ пен Израильге қатаң ескерту жасады

Иран АҚШ пен Израильге қатаң ескерту жасады
Фото: depositphotos.com

Израиль мен АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базалары Тель-Авив пен Вашингтон тарапынан шабуыл жасалған жағдайда Иран үшін заңды нысанаға айналады. Бұл туралы жексенбі, 11 қаңтарда Иран парламентінің төрағасы Мұхаммед-Багер Галибаф мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.

"АҚШ әскери соққы жасайтын болса, Израиль де, сондай-ақ АҚШ-тың әскери және теңіз нысандары да біз үшін нысанаға айналады", – деді спикер депутаттар алдында сөйлеген сөзінде. Оның үндеуін Иранның мемлекеттік телеарнасы тікелей эфирде көрсетті.

Галибаф бұған қоса, елде жалғасып жатқан жаппай наразылықтар кезінде АҚШ пен Израиль оппозиция жақтастарына қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.

Оның айтуынша, 12 күндік соғыс кезінде қарсы тарап ішкі террористерді іске қосуды жоспарлаған, алайда ол жүзеге аспаған. Парламент төрағасының сөзінше, қазір олар осы жоспарды іске асыруға көшкен.

"Біз террористермен соғысып жатырмыз", – деді Галибаф.

Басылым мәліметінше, оның сөз сөйлеген сәтінде кейбір депутаттар антиамерикалық ұрандар да айтқан.

Айта кетейік, жұма, 9 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп Иран басшыларын егер наразылыққа шыққандар қаза тапса, салдары ауыр болатынын ескерткен.

"Біз жағдайды мұқият бақылап отырмыз. Егер олар бұрынғыдай адамдарды өлтіре бастаса, біз араласамыз. Біз оларды ең ауыр жеріне соққы жасаймыз", – деді Трамп Ақ үйде сөйлеген сөзінде.

Контекст

Сенбі күні АҚШ президенті Ирандағы наразылық танытушыларға "көмектесуге" дайын екенін мәлімдеді.

Сол күні 1979 жылы тақтан құлатылған Иран шахының ұлы Реза Пехлеви X әлеуметтік желісінде тұрғындарға үндеу жариялап, жалпыұлттық ереуілге шақырды. Ол наразылықтардың мақсаты ретінде стратегиялық маңызы бар көшелер мен нысандарды басып алып, ұстап тұруға дайындықты атады. Бұған дейін ол Трампты Ирандағы жағдайға араласуға үндеген.

Ирандағы наразылықтар 2025 жылғы 28 желтоқсанда басталған. Олар Тегеранда ұлттық валютаның күрт құлдырауы және экономикалық қиындықтардың күшеюіне байланысты өршіген. Кейін елдің көптеген қаласына тараған.

8 қаңтарда Тегеранда наразылық күрт шиеленіскен. Тәртіпсіздік барысында наразылық білдірушілер көптеген нысанды өртеп, қиратқан: көп автобус пен жедел жәрдем көліктері, 24 тұрғын үй, 25 мешіт, екі аурухана, 26 банк, сондай-ақ өзге де мемлекеттік және қоғамдық ғимараттар.

Human Rights Activist News Agency агенттігінің 10 қаңтардағы дерегінше, наразылық кезінде 116 адам қаза тапқан (оның ішінде 37 күштік құрылым қызметкері, төрт медицина қызметкері және бір прокурор бар), 2,6 мыңнан аса адам жараланған, 2 638 адам ұсталған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget