Инвестиция көлемі 15 миллиард доллардан асқан: Тоқаев Бельгиямен байланыс туралы айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев пен король Филипп БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы бельгиялықтар королі мен патшайымының Қазақстанға жасаған тарихи мемлекеттік сапары екіжақты қарым-қатынастың жаңа парағын ашатынын және қос халық арасындағы достықты нығайта түсетінін айтты.

"Аса мәртебелі король, сіздің парасатты әрі батыл басшылығыңыздың арқасында Бельгия өзінің бірегей саналуандығын сақтаған әрі әлемге ашық ел ретінде белгілі болып отыр. Халқыңызға адалдығыңыз бен Бельгиядағы түрлі қауым арасындағы өзара түсіністікті нығайту жолындағы табанды еңбегіңіз тәждің ынтымаққа бастар рөлін айқындайды. Осы күрделі кезеңде адами қадір-қасиеті биік, перзенттік парыздың парқын сезінетін тұлға екеніңізді көрсеттіңіз. Бұл ерекше сенім ұялатады әрі зор құрметке лайық. Көп жыл бойғы достығыңызға және Қазақстанмен байланыстарды нығайту ниетіңізге ризамын. Бүгін осы ықпалдастықты тереңдетуге бірлесе үлес қосатынымызға қуаныштымын. Сіздің күш-жігеріңіз бен қолдауыңыздың арқасында ынтымақтастығымыздың келешегіне үлкен үмітпен әрі сеніммен қараймыз", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев емен-жарқын достық рәуіште әрі сындарлы сипатта өткен нәтижелі келіссөздердің қорытындысына тоқталды.

"Біз Қазақстан мен Бельгия арасындағы көпжақты серіктестікті күшейтуге бейіл екенімізді растадық. Елдеріміз арасында қандай да бір саяси қайшылық немесе шешілмеген мәселе жоқ. Бұл барлық бағытта ынтымақтастықты кеңейтуге берік негіз қалайды. Экономикалық ықпалдастық серіктестігіміздің негізгі тірегі болып қала береді. Бельгия Қазақстанның жетекші инвестициялық серіктестері қатарына кіреді. Сіздің ел 2005 жылдан бері экономикамызға құйған инвестиция көлемі 15 миллиард доллардан асты. Көлік-логистика, аса маңызды минералдар, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, биотехнология, цифрландыру және ғарыш технологиялары салаларында ықпалдастықты жандандырып, жаңа мүмкіндіктерді қолға алуға уағдаластық. Тарихи сапарға бельгиялық жетекші компания өкілдері қатысып жатыр. Бұл Бельгия еліміздің экономикалық әлеуетіне зор сенім артатынын көрсетеді. Үкімет тарапынан Бельгия инвесторларының Қазақстанда қызмет аясын кеңейтуіне және жаңа жобаларды іске асыруына қолайлы жағдай жасалады. Оның толық әрі уақтылы орындалуын өзім қадағалап отырамын", – деді Мемлекет басшысы.

 

Президенттің айтуынша, ертеңге жоспарланған Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесі, ректорлар форумы және аса маңызды материалдар бойынша дөңгелек үстел ортақ мақсаттар мен нақты нәтижелерге қол жеткізетін маңызды алаң болмақ.

Осы іс-шаралардың қорытындысы бойынша серіктестікті дамытуға тың серпін беретін ондаған келісім мен құжатқа қол қойылады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз