Инвестиция бойынша артта қалған, қаржы тиімсіз жұмсалған: Жамбыл облысында ауқымды аудит жүргізілді

Жоғары аудиторлық палата Жамбыл облысында мемлекеттік аудит жүргізді. Осылайша Жамбыл облысында мемлекет қаражаты мен активтері қаншалық тиімді пайдаланылып жатқаны тексерілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ЖІӨ бойынша көрсеткіш төмендеген

2020-2024 жылдар аралығында өңірдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері өскен. Алайда Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің жалпы құрылымында облыстың үлес салмағы 2,7%-дан 2,3%-ға дейін төмендеген.

Инвестиция бойынша

Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша өңірге тартылған инвестиция көлемі 553 млрд теңгеден асты, бұл былтырдан 1,4 есеге жоғары. Алайда 2020-2024 жылдар аралығында негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейі бойынша облыс республикалық рейтинг көшбасшыларынан 3,5 есе артта қалып отыр.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит барысында бюджетті жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, инвестициялық жобаларды басқару, сондай-ақ, "Тараз" ӘКК" АҚ қызметінде бірқатар заңбұзушылық пен кемшілік анықталған:

  • Жамбыл облысы республикалық бюджеттен түсетін түсімдерге тәуелді. 2020-2024 жылдары бюджеттен түсімдер орта есеппен 80% болған. Осы кезеңде трансферттер 344 млрд теңгеден 521 млрд теңгеге дейін, 51%-ға өскен.
  • 38 млрд теңгеден аса сомаға бюджет қаражаты игерілмеген.
  • Өңірді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасында Тараз кәріз-тазарту нысандары болмауы, тұрғын үй алуға кезекте тұрғандар саны өсуі және суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын енгізу деңгейі төмендігі сияқты бірқатар маңызды және өзекті проблеманы шешу жөніндегі көрсеткіштер мен іс-шаралар қамтылмаған.

Инвестицияны тиімсіз пайдалану

Аудиторлар Тараз қаласында және облыста инвестициялық жобалар іске асырылуы нашар бақыланатынын айтты. Мердігерлерге орындалмаған жұмыс үшін ақы төленеді және әлі өтелмеген берешектері бола тұра аванс берілген.

  • Мысалы, Тараз қаласының ТКШ бөлімі биыл маусымда қалалық жолдарды орташа жөндеу бойынша екі жобаға 537 млн теңгеден аса төлеген, бірақ 70 күн өтсе де жұмыс басталмаған. Бұл жұмыс тамызда аудит жүргізу нәтижесінде ғана басталды.
  • Жамбыл облысы Шу ауданының 18 елді мекеніне жеткізілетін газ құбырын салудың нормативтік мерзімі екі жыл болса да, алты жылдан аса уақыт бойы аяқталмай келеді. Нәтижесінде 8,2 млрд теңге игерілмей, жоғары тұрған бюджетке қайтарылған, яғни қаражат тиімсіз пайдаланылған.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша:

  • 58,5 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар анықталды, оның 47,1 млрд теңгесі бухгалтерлік есеп және қаржылық есеп саласындағы заңбұзушылықтар;
  • 75,6 млрд теңге тиімсіз жоспарланған және пайдаланылған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!