- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Инвестиция ағыны азайып...
“Инвестиция ағыны азайып жатыр“. Роман Скляр жауапқа тартыла ма?
Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов Қазақстанда инвестиция ағыны төмендеп жатқанын, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр инвестициялық штабтың төрағасы ретінде бұған жауап беру керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол депутаттық сауалын Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.
"Құрметті Олжас Абайұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақсан халқына Жолдауында "Дүниежүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін дәл осы жәрде және дәл қазір қағидаты бойынша шешім қабылдау, ең қажет шара" деп атап өтті. Біздің экономикамыз ұзақ мерзімді инвестицияға қажет. Сондықтан еліміздің экономикасына инвесторларды тартуға бағытталған барлық шараны жедел түрде енгізу өте маңызды", - деді Сұлтанбек Мәкежанов.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде инвестицияны тарту, инвестицияға тапсырыс беру қағидаты жүзеге асырыла бастаған.
"Яғни прокурорлық сүзгі, жасыл дәліз сияқты инвестициялық жобаларды қолдау желілері іске қосылып жатыр. Осындай маңызды кезеңде инвестициялық ахуалды жақсарту, бизнесті дамыту мәселелері Сенаттың күн тәртібінде тұрақты қаралатын басты мәселенің біріне айналғанын атап өткеніміз жөн.
Мемлекет басшысы шетелдік инвестицияны тиімді тартуға, бірінші рет назар аударып отырған жоқ. Көптеген шетелдік сапардың нәтижесінде халықаралық бірлестіктердің жұмысы аясында басқа да мемлекеттермен ынтымақтастық туралы сан салалы шарттарды президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекітіп келеді. Осылайша, дипломатиялық деңгейде мемлекет басшысы қолайлы инвестициялық ахуал жасау үшін жан-жақты күш салып жатыр. Бірақ енді осыған қарамастан экономикамызға инвестиция тарту жағдайы жоғары дәрежеде емес", - деді депутат.
Сенатор сөзіне нақты дәлелдер келтірді.
"Мысалы, 2023 жылы тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 23,4 млрд доллар болды. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен 28,2 млрд доллар болғанын ескерсек, оның 16,9 пайызға төмендегенін көреміз. Ал 2024 жылғы бірінші тоқсанда ол 5,7 млрд доллар болды. 2023 жылғы осы кезеңдегі көрсеткішпен салыстырсақ оның 28 пайызға аз екенін көреміз. Талдау нәтижесі инвестицияның төмендеуін тау-кен өндіру саласында және өңдеу өнеркәсібінде тіркелгенін көрсетіп отыр.
Мәселен, 2022 жылы тау-кен саласында 12,1 млрд доллар инвестиция тартылса, 2023 жылы 8,4 млрд долларға төмендеп, яғни 30 пайызға қысқарған. Биыл бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш – 2,4 млрд доллар. Бұл 2023 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 33,3 пайызға азайды. Өңдеу өнеркәсібіндегі осы аралықтағы инвестиция 45,6 пайызды көрсетті. Мұнда бір ескеретін жайт, бұл көрсеткіштердің төмендеуі мемлекеттік осы салалаларға көптеп көңіл бөліп жатқанында болып отыр", - деді ол.
Сұлтанбек Мәкежанов инвестицияны тиімді жолмен тарту мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, Премьер-министр аталған мәселеге назар аударуы керек.
"Өкінішке қарай, талдау нәтижесі бүгінде ұсынып отырған инвестициялық жобаларға берілетін салықтық префенциялар соммасының мәлімделген инвестициялық жобалар соммасынан кейде тең немесе одан да көп болып жатқаны жобалардың бар екенін көрсетіп отыр. Осы айтылған фактілерді ескеріп, инвестиция тақырыбында Сенатта өткен Үкімет сағатының ұсынымдарын іске асыруды қайта қарауыңызды және шетелдік инвесторлар тарту бойынша кешенді жұмыстарды толық көлемде іске асыру қажет деп санаймыз.
Президенттің 2023 жылғы 5 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес инвестициялық ахуалды жақсарту үшін инвестициялық штаб мүшелеріне дербес жауапкершілік белгіленген. Осыған байланысты "Шетелдік инвестиция ағынының азайғаны үшін жауапкершілік анықтала ма?" дейтін заңды сұрақ туындайды.
Премьер-министрдің өкіміне байланысты Премьер-министрдің бірінші орынбасары инвестициялық штабтың төрағасы болып ауқымды және құзыретті инвестициялық штабты басқарады. Осыған байланысты қазіргі уақытта аталған инвестициялық штаб қызметінің тиімділігі, нақты нәтижесі, оның ашықтығы қандай дейтін және тағы басқа сұрақтар туындайды", - деді депутат.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Есен