Маңғыстау облысында полиция бопсалау дерегін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл дерек бойынша полицияға 26 жастағы жәбірленуші жүгінген. Оның айтуынша, ер адам жәбірленушінің интим сипаттағы суреттерін әлеуметтік желілерде жариялаймын, туыстарына жіберемін деп қорқытып, бір миллион теңге көлемінде ақша бопсалаған.
Тергеу материалдарына сәйкес күдікті 17 қаңтарда WhatsApp мессенджері арқылы жәбірленушіден алдымен 200 мың теңге аударуды, ал қалған 800 мың теңгені 20 қаңтарға дейін беруді талап еткен.
"Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде 17 қаңтарда Жаңаөзенде екі ер адам ұсталды. Тінту барысында күдіктіден көк түсті iPhone 14 Pro Max, ал екінші күдіктіден қара түсті iPhone 11 телефондары заттай дәлел ретінде тәркіленді. Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді полиция.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!