"Интим қызметпен айналысуға мәжбүрлеген". Полиция капитаны жастарға ескерту жасады

"Интим қызметпен айналысуға мәжбүрлеген". Полиция капитаны жастарға ескерту жасады
Фото: www.gov.kz

Астана қаласы ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері, полиция капитаны Самал Алшинова елімізде адам саудасының қандай түрі белең алғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Елімізде әр адам конституциялық құқығын білуі керек. Адам саудасы - елімізде бар мәселе, тек халық бұл мәселенің алдын алуға болатынын көбірек білсе дейміз. Елімізде адам саудасының құрбаны болғандарға көмек көрсететін орталықтарда арнайы мамандар жұмыс істейді. Ең бастысы, егер адам өзге азаматтан күмәнданса қорықпай көмекке жүгінсе деймін. Мұндай әдет мектеп жасынан қалыптасқан жөн. Азамат адам саудасына тап болса, қажетті алгоритм бойынша әрекет жасауы керек", - деді Алшинова.

Спикердің айтуынша, адам ағзаларын сату - көбіне Тайланд, Филиппин елдеріне дамыған, мұндай жағдай Қазақстанда сирек кездеседі. Қазақстанда адам саудасы алаяқтар арқылы іске асады.

"Өткен жылдың аяғында Ішкі істер министрлігі адам саудасымен айналысқан 30-ға жуық топты ұстады. Қылмыскерлерді ұстау үшін арнайы операция жүргізілді. Олар әлеуметтік желілер арқылы кәмелетке толмаған қыздарды жұмысқа тартқан. Оларға "аз жұмыс істеп, көп табасың" дегендей жалған уәде берген. Алайда жұмысқа келген кезде қорқытып, құжаттарын тартып алып, интимді қызметпен айналысуға мәжбүрлеген. Оған себептің бірі кәмелетке толмаған азаматтарымыздың заңды дұрыс білмеуі. Иә, кейбір азаматтар үйден көп таршылық көргендіктен тез ақша тапқысы келеді, ондай да болады", - дейді полиция капитаны.

Жасұлан Ордабаев

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz