Жетісу облысында интернет таныстық арқылы бопсалаумен айналысқан Талдықорған қаласының 9 тұрғыны сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
Мәліметке сүйенсек, бұл топ 2024 жылғы мамырдан 2025 жылғы наурызға дейін өңір аумағында азаматтарды бопсалаумен айналысқан.
"Қаскүнемдер әлеуметтік желілер мен мобильді қосымшалар арқылы жәбірленушілердің сеніміне кіріп, кейін түрлі сылтаумен оларды өз үйіне шақырған. Қылмыстық схема психологиялық қысым мен манипуляцияға негізделіп, жалған "зорлау дерегі бойынша полицияға арыз береміз" деп жәбірленушілерді қорқыту арқылы жүзеге асырылған. Мәселені реттеу үшін олардан ірі көлемде ақша талап еткен", - деп жазылған Жетісу облысы прокуратурасы хабарламасында.
Сот отырысы
Талдықорған қалалық сотының үкімімен айыпталушылар ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі 1), 2) және 3) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, оларға әртүрлі мерзімге жаза тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова