ШҚО елдегі қант тапшылығын пайдаланып, қазақстандықтарды алдап жүрген алаяқ ұсталды, - деп хабарлайды Мassaget.kz.
Өскеменнің 29 жастағы тұрғыны елдегі қант тапшылығын пайдаланып, әлеуметтік желіде жалған жарнама орналастырған. Әлеуметтік желідегі жарнаманы көрген азаматтар қантқа тапсырыс берген. Сатушымен WhatsApp арқылы сөйлесіп, мобильді қосымшадағы аударымдар сервисімен алдын ала төлем жасаған. Ақша аударымы сәтті өткен соң байланысқа шығуды доғарып, клиенттерді мессенджерде бұғаттап тастаған. Өздерінің алаяққа алданып қалғанын білген тұрғындар полицияға арыз түсірген. Бұл деректі Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті растады.
"16 шілдеде жәбірленушіден Өскемен қаласының 29 жастағы тұрғыны қант жеткіземін деген желеумен ақша алғаны туралы арыз түсті. Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты соталды тергеу амалдары басталды. Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі ("Алаяқтық") бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деп хабарлады ШҚО ІІД баспасөз қызметі. Департамент түсініктеме берді.
Департамент алаяқтың әрекетінен 100-ден аса адам зардап шеккенін, оларға 90 миллион теңгеге жуық шығын келгенін айтты.
"Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, ақша аудару дерегін анықтау үшін банктерге тиісті сұрау жолданды. Осы рәсімдерден кейін күдіктіге қатысты түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады", - деді ШҚО ДП.
Айта кетейік, күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігімен жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.