Түркістан облысында интернет алаяқтықпен айналысатын қылмыстық топ әшкереленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Азаматтардан интернет арқылы ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырған бірнеше іс бойынша қатысушылар анықталған. Қылмыстық топты Астана қаласынан Түркістан облысы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұстаған.
"Қылмыстық схеманы іске асыру үшін топқа қатысушылар банк карталары арқылы ақша түсетін адамдарды ("дропперлер") іздестіріп, оларды оқытқан. Қылмыстық топ қатысушылары арасындағы міндеттер нақты бөлінген", - деп жазылған хабарламада.
Алдын ала мәліметтер бойынша қылмыстық топ 100-ден аса азаматтың 150 млн теңгеден аса сомаға ұрланған қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырған.
Қазір қылмыстық топ мүшелері қамауда, оларға қатысты соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова