- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Инсульттен қорғайды: калийге...
Инсульттен қорғайды: калийге бай өнімдер
Егер рационға өзгеріс енгізсе, қысымды реттеп қана қоймай, ісінуден де арылуға болады. Doctorpiter порталына диетолог Лиза Афинская қандай өнімдерге мән беру керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Гипертония (жоғары қан қысымы) диагнозы қойылған адамға дәрігер өзін жақсы сезінуге көмектесетін дәрі жазып береді. Бірақ дәрігерлердің айтуынша, тек дәрі-дәрмекпен емделу дұрыс емес. Өз режиміңізге физикалық жүктемелер қосуыңыз керек. Мысалы, велосипед тебу, жүзу немесе қарқынды жүру. Күніне 30 минут қандай да бір белсенділікпен айналысу өзіңізді жақсы сезінуге көмектеседі.
Рацион жайлы да ұмытпау керек. Гипертониясы бар адамдар тұзды және тәтті тағамдарды барынша азайтып, алкогольді де шектеу керек. Ал кей өнімдерді, керісінше, рационға қосу керек.
"Көпшілік адам калийді өте аз тұтынады. Ол жүрек саулығына, қысымды бақылауға және инсульт қаупін азайтуға қажетті маңызды минерал. Сондай-ақ калий денедегі тұрып қалған суды азайтады, себебі ол натрий деңгейін төмендетеді. Сәйкесінше, сіз ісінумен қиналмайсыз", - дейді диетолог.
Норма бойынша, адам күніне 2600 мг-нан 4700 мг-ға дейін калий алуы керек. Егер ағзаға калий жетіспесе, рационға мына өнімдерді қосыңыз (жақша ішінде күніне ол өнімнің нешеуін жеу керегі ұсынылған):
· құрма (финики) (5 шт.) - 835 мг калий;
· суға піскен жасымық (1 стақан) - 731 мг;
· қараөрік (8 шт.) - 695 мг;
· қант қосылмаған томат пастасы (1/4 стақан) - 669 мг;
· мейіз (1/2 стақан) - 618 мг;
· авокадо (1/2) - 609 мг;
· суға піскен ақ үрмебұршақ (1/2 стақан) - 595 мг;
· қант қосылмаған йогурт (225 г) - 579 мг;
· сәбіз шырыны (3/4 стақан) - 530 мг;
· банан (1 шт.) - 451 мг;
· дайын тунец (85 г) - 449 мг;
· дайын күйдегі асқабақ (1/2 стақан) - 448 мг;
· шабдалы (1 шт.) - 415 мг;
· өрік (8 шт.) - 407 мг;
· кішкентай қауын (1/4 бөлігі) - 368 мг;
· асжапырақ (2 стақан) - 334 мг;
· дайын күйдегі албырт (85 г) - 326 мг;
· қызанақ (1 шт.) - 292 мг;
· соя сүті (1 стақан) - 287 мг;
· құлпынай (150 г) - 287 мг;
· алмұрт (1 шт.) - 258 мг;
· дайын нәлім (85 г) - 246 мг;
· дайын күркетауық (85 г) - 212 мг;
· зығыр дәндері (2 ас қасық) - 204 мг;
· ақжелкен (30 г) - 208 мг;
· алма (1 шт.) - 195 мг;
· кешью жаңғағы (28 г) - 187 мг;
· жержаңғақ пастасы (2 ас қасық) - 180 мг;
· суға піскен күріш (1 стақан) - 154 мг;
· айсберг салаты (1 стақан) - 102 мг.
Әркез өнімнің нормасын есептеп отырмас үшін бірнеше лайфхак жаттап алыңыз. Әр тамақтанғанда рационыңызға көкөністер мен жемістер қосыңыз. Смузи дайындап ішіңіз: бұл өте дәмді және бір ішкенде көбірек калий ала аласыз. Рационға жасымық пен үрмебұршақ қосып бастаңыз. Мысалы, олармен үйреншікті макарондарды ауыстыра аласыз.
А. Жапатова