- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Инсультқа шалдыққан алматылық...
Инсультқа шалдыққан алматылық әйелдің жүрегі енді жас жігіттің кеудесінде соғады
Алматыда донорлық жүректің алғашқы трансплантациясы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында жасалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұзақтығы 6 сағаттан асқан күрделі ота еліміздің жетекші кардиохирургы Юрий Пян Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықпен бірлесіп жасады.
"Алматыда жүректі алғашқы алмастыру Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық мамандарының қолдауы мен Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ командасының үйлесімді жұмысының арқасында мүмкін болды", - деді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасы Марат Пашимов.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының баспасөз қызметі
"Алматының 53 жастағы тұрғыны органдар доноры болды, ол екінші рет мидың өліміне әкеп соқтырған ишемиялық инсультқа шалдыққан. 2023 жылғы 13 шілдеде туыстарының келісімінің арқасында 13 жасынан бері жүректің күрделі ауруынан (қақпаншалық кардиомиопатия) зардап шегіп жүрген 23 жастағы жігіттің өмірін сақтап қалдық", - деді кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев.
Марқұмның туыстарының шешімінің арқасында жас жігіт өмір сүруге мүмкіндік алды. Енді 53 жастағы әйелдің жүрегі басқа адамның кеудесінде соғып жатыр.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының баспасөз қызметі
Қазір пациенттің жағдайы тұрақты.
"Қазір, әрине, мен өзімнің жағдайымды қандай екенін айта алмаймын, өйткені оңалтудан өтуім керек. Бірақ, жалпы, өзімді жақсы сезінемін. Жүрек ауыстыру операциясына қуана келістім. Маған өмір сүруге мүмкіндік берген барлық дәрігерге, хирургқа алғыс айтамын. Бәрі жақсы болатынына сенемін", - деді 23 жастағы науқас.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан