Оңтүстік Кореяда аптап ыстықтан 5 адам көз жұмды. Күн сайын 100 адам медициналық көмекке жүгініп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24kz-ке сілтеме жасап.
Ауа температурасы бірнеше күннен бері 35 градустан асып тұр. Ел аумағы үш теңізбен қоршалғандықтан, ылғалдылық өте жоғары. Сол себепті тұрғындардың тыныс алуы қиындап, денсаулығына кері әсерін тигізіп жатыр.
Оңтүстік Кореяда бір айдан бері күн қатты ыстық әрі ылғал. Биыл аптап ыстық әдеттегіден бір ай ерте басталды. Осы аралықта 650 адам зардап шекті. Дені күн өту салдарынан жапа шегіп жатыр. Бұл уақытқа дейін 5 адам көз жұмды. Қайтыс болғандардың басым бөлігі егде жаста. Төтенше жағдайлар қызметі күн сайын барлық тұрғынның ұялы телефондарына далада көп жүрмеу және үйде болу жөнінде хабарлама жібереді. Дәрігерлерге жүгінетіндердің саны артты. Негізінен науқастар ұйқысыздық пен әлсіздікке шағымданған. Күн өтуден сақтану үшін дәрігерлер көбірек су ішуге, артық тамақтанбауға, ұйықтар алдында алкоголь мен кофеин тұтынбауға кеңес береді.
"Жоғары ылғалдық адамды ашуланшақ етеді, күйзелісті күшейтеді және психикалық денсаулыққа теріс әсер етеді. Тағы бір маңызды мәселе - температура мен ылғалдықтың күрт өзгеруі және қоршаған орта жағдайының ауысуы жүрек-қантамыр ауруларын тудыруы мүмкін. Инсульт қыстан гөрі жазда жиі кездеседі, мұндай науқастардың саны айтарлықтай артты", - деді профессор Ким Хе Юн.
Қазір Корея қалалары мен провинцияларының билігі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Елде салқын ауада тынығуға болатын 68 мың арнайы паналау орны орнатылған. Сеулдің барлық ауданында "ақылды" аялдамалар бар – олар күн сәулесінен қорғайды және ішінде желдеткіш құрылғысы жұмыс істейді.
Сонымен қатар, субұрқақтар мен су бүріккіш өсімдік туннельдері іске қосылды. Бұдан бөлек, жаяу жүргіншілер күннен қорғану үшін қиылыстарда орнатылған үлкен қолшатырлардың астына паналай алады. Бүгін елде ең жоғарғы температура 36 градусқа жетеді деп күтіледі. Аптаптың қашан аяқталатыны әзірге белгісіз.
Кореяның ауруларды бақылау және алдын алу орталығының хабарлауынша, өткен ай метеорологиялық бақылау жүргізіле бастаған 1973 жылдан бергі ең ыстық ай болды. Орташа температура 22,9 градус болып, бұл жылдық орташа көрсеткіштен 1,5 градусқа жоғары болды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!