Әлеуметтік желіде хиджаб киюге қатысты сын немесе пікірлер әлі де айтылып жатады. Оған себеп кейінгі кезде шоу-бизнес өкілдері, блогерлер мен инфлюенсерлердің хиджаб кие бастауы болған. Бірі олардың әрекеті дұрыс екенін жазса, енді бірі бұл тек хайп шін жасалып жатқанын жарыса жазып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі осы мәселеге қатысты сарапшылармен сөйлесіп, пікірін білді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шоқан Уәлиханов атындағы тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері Салтанат Асанованың айтуынша, "хиджаб" сөзінің өзі қазақ тіліндегі сөз емес және қазақтың дәстүрлі мәдениетімен байланысты емес.
"Хиджаб - араб халқының дәстүрлі киімімен байланысты араб сөзі. Артынша ол діни мағынаға ие болған. Бұл исламның дамуымен бізге де келген шетелдік сөз және біздің тарихқа еш қатысы жоқ. Бірақ әйелдердің оранып жүруі немесе жалпы жабу дәстүрі ғасырлар бойы жалғасып келеді. Ол мұсылман мәдениетінің ойлап тапқаны емес. Әйелдер дәстүр бойынша бұған дейін де орамал таққан. Ежелгі Грекия, Рим немесе Үндістанның ежелгі мәдениетіне көз салсақ, әйелдер үнемі басына орамал тағып жүрген", - дейді тарихшы.
Ата-бабамыз хиджаб киген бе?
"Егер мәдениетімізге көз салсақ, әйелдер оранған, бірақ ол хиджаб деп аталмаған. Біздің аналарымыз орамал, кимешек және басқа да басқа арналған заттарды киген. Біздің аналарымыздың гардеробында араб әйелдерінің гардеробына қарағанда киім көп болған, ол климаттық жағдайға байланысты. Сонымен қатар, ата-бабамыз ашық түсті матадан жасалған киімдерді, қызыл камзол, жасыл шапан секілді киімдерді киген. Бас киім тек әлеуметтік жағдайды көрсетіп қана қоймай, аксессуар ретінде де қолданылған. Мойынды жауып тұратын кимешек әйелдер бала емізетін кезде омырауын жауып тұруда көмекші болған", - дейді елордалық діндерді зерттеу орталығының теологы Марат Смағұлов.
Оның сөзінше, араб елдерінде климатқа байланысты гардеробта киімнің түрі көп болмаған, көбіне ол ақ немесе қара түсті киімдер екен.
"Мен 10 жыл Мысырда оқығанмын. Сол тәжірибемнің арқасында араб әйелдері неліктен қара киініп, көзіне дейін жауып алатынын түсінемін. Каир - адам көп қала, автобустардың ішінде адам толы, яғни ине шаншар жер болмайды. Мысырда өмір сүру деңгейі төменірек болғандықтан мінез-құлық мәдениеті де басқаша. Сауатсыз ер адамдар көп, олар автобуста әйелдерге жақындап, қырындап, тиісуі мүмкін. Яғни бұл Қазақстанда жат нәрсе, ал мысырлықтар өзін солай ұстауы мүмкін. Сондықтан жергілікті әйелдер өзінің қауіпсіздігі үшін оранып алады. Сол кезде қазақстандық студенттер жиналып, таксимен баруға тырысатын", - дейді маман.
Тарихшы Салтанат Асанова бас немесе денені жауып жүру әрдайым барлық халықта, ұлтта дініне қарамастан болғанын айтады.
"Орану - бұл, ең алдымен, әйелдің әлеуметтік мәртебесін көрсететін әлеуметтік-мәдени маркер, екіншіден, оның медициналық және гигиеналық мақсаты да бар. Мата ұзақ уақыт бойы қымбат тауардың бірі болған, оны сатып алуға кез келген адамның қауқары жетпейтін. Барлық әйелге оранып жүретін киім қолжетімді болды. Одан бөлек, әйел адамның үстінде мата көп болған сайын, ол оның жағдайы қандай екенін көрсететін.
Шығыс, славян халықтары да оранатын. Мысалы, Еуропада қалпақ қолданылатын. Ұлыбританиядағы ақсүйектер мен ғибадатханаға баратын қарапайым әйелдердің киімдерін салыстырсаңыз, олардың киімдеріндегі айырмашылық тек стильдер мен пішіндерде болғанын байқайсыз. Ал қалғаны бәрі бірдей: баскиім, қалпақ, шаш барлығы жиналып, жабық, қолғап, міндетті түрде ұзын жең. Олар да мұсылмандар секілді жабық киінуге тырысатын", - дейді сарапшы.
Оның сөзінше, көшпенділер ешқашан баскиімсіз жүрген емес. Желден, күн сәулесінен қорғау үшін адамдар маусымға сәйкес әртүрлі шапан киген. Сондай-ақ, әйелдің баскиімімен оның әлеуметтік мәртебесін әрқашан ажыратуға болады.
"Баскиім - әйелдің тұрмыста екенін білдіреді. Себебі қазақтарда келіншек ұғымы бар. Қыз бала тұрмысқа шықпайынша бала болып саналатын және басына қандай да бір баскиім киюге тыйым салынатын", - дейді маман.
Хиджаб не себепті қазақ қоғамында негатив тудырады?
Теолог Марат Смағұлов ең алдымен, терминологияны түсініп алу керегін, оның ішінде қазақстандықтар жиі атайтын араб тіліндегі сөздерді анықтап алу керегін айтады.
"30 жыл ішінде елімізге түрлі ислам ағымы келді, оның ішінде деструктив ағым да бар. Араб тіліндегі сөздерді жиі қолдана бастадық. Ақ жаулық, кимешек, орамал деп айтудың орнына хиджаб дей бастадық та негатив тудырып алдық. "Хиджаб" сөзінің өзі адамдарға қорқынышты естіледі. Қап-қара киініп, араб халқының киімін кию сәнге айналды. Тарихи тұрғыда бізге қатысы болмағандықтан, адамдар оны қабылдағысы келмейді", - дейді маман.
Сарапшы бұл мәселеге қатысты тарихшыларға жүгініп, заттарды дәстүрлі қазақ сөздерімен атау және араб терминологиясынан арылуға шақырды.
"Ұлттық колорит енгізуіміз керек. Гардеробымызда түрлі-түсті киімдер көп. Қазақша көйлекпен жасыл камзол киген қызымыз қандай әдемі көрінеді? Бізге таңып қойған хиджаб түрін алып тастасақ негативтен арыла аламыз. Себебі елімізге араб халқының киімі көптеп келе бастады. Бірақ біздің дизайнерлер әйелдерге басқа түрін ұсынса, әйелдер сл киімдерді сатып алып, жағдай өзгеруі мүмкін", - дейді теолог.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!