"Иншалла", "Сұбханалла" және "Машалла" сөздерін көпшіліктен естіп жатамыз. Алайда бұл сөздердің мағынасын дұрыс түсінбей, орынсыз қолданатындар да көп. Бұл сөздердің мағынасы қандай, олар қай кездерде айтылады және оларды қазақша айтуға бола ма? Бұл сұрақтарға ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Абдуәлі жауап берді.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы бұл сөздер Алланы дәріптеу, зікір ету болып саналатынын айтты.
"Иншалла - Құдай қаласа, Алла бұйыртса деген мағынадағы діндар адамның қандай да бір іске болжал айтқанда Аллаға ғибадат етуін білдіретін сөзқолданыс.
Сұбханалла - Кемшіліксіз Алла, барлық кемшіліктерден ада Алла деген мәнде қатты қорқып, таңғалғанда айтылатын сөз.
Машалла - Алланың қалағаны деген мағынадағы бір іске таңғалғанда немесе жақсы баға бергенде қолданылатын сөз", - деді Бауыржан Абдуәлі.
Маман бұл сөздерді қай кезде айту керегін де атап өтті.
"Әбу Ләйс әс-Самарқанди былай дейді: "Кім мына жеті сөзді үнемі айтып жүрсе, Алланың және періштелердің құзырында дәрежесі жоғары болады, күнәсі теңіздің көбігіндей болса да Алла оны кешіреді, құлшылықтың ләззатын татады, өмірі мен өлімі жақсылыққа толы болады:
1. Әрбір істі бастағанда "бисмилләні";
2. Әр істі бітіргенде "әлхамду лилләһты";
3. Бос сөз айтса немесе азды-көп қателік істеп қойса "Астағфирулла" сөзін;
4. Ертең бір нәрсе істеймін деп айтуды қаласа "Иншалла" деу;
5. Жаман бір іске кезіксе "Лә хаула уә лә қууатә иллә билләһил әлиил әзим" деп айту;
6. Жақын адамынан немесе мал-мүлкінен айырылғанда "Иннә лилләһи уә иннә иләйһи рожиғун" сөзін айту;
7. Күндіз-түні "Лә иләһә иллаллоһ" сөзін жиі айтып жүру"", - деді Бауыржан Абдуәлі.
Маман азан шақыру, намаз оқу т.б шариғатта тек араб тілінде орындалатын құлшылықтан тыс зікір, тәсбих сөздердің мағынасын қазақ немесе басқа тілде айтуға болатынын, бірақ арабша айту абзал екенін айтты.
"Ибн Қудама: "Алла Тағаланы араб тілінен басқа тілде зікір етуге рұқсат. Өйткені негізі мақсаты Алланың есімін атау. Ол барлық тілмен жүзеге асады. Бірақ намаздағы тәкбирлерді арабша айту керек" деген", - деді пәтуа маманы.
Бауыржан Абдуәлі "сұбханалла", "астапыралла", "иншалла" тағы басқа сөздер ақын-жазушыларымыздың да шығармаларында қолданылғанын айтып, бірнеше мысал келтіріп кетті:
"Мысалы, Той ұшты бұрынғыдан тоғыз қалып, Бәйгіден қорқақ келді, батыр қалып, Ескі сөз сүрегі өткен ант секілді, Азамат законды алды нақыл қалып: Бұл сөзді асып айтсам, с ұ б х а н а л л а! Жарандар, бір шамаға жақындадық (Әбубәкір Кердері, "Қазағым").
Оның сөзінен қатты шошынып, үй ішіндегілердің бәрі "а с т а п ы р а л л а" деп жағаларын ұстады (С.Мұқанов, "Өмір мектебі").
И н ш а л л а, халыққа берер үлкен тәһсир, Жерлерде екі талай дауыстарың. Өлсең шаһид, ғазысың тірі болсаң, Қызметке берер ажар құдірет кәрім (М.Дулатов, Шығармалары)".
Қорытындылай келе, маман иншалла, сұбханалла, машалла деген сөздерге арабтың ғана тілі емес, бүкіл мұсылманға ортақ құлшылық сөзі деп қарауға шақырды. Алланы зікір ету сөздерін намаз, азан секілді құлшылықтан тыс кездері оны арабша да, басқа тілде де айтуға болады.