Елiмiзде индустрияландыру бағдарламасы аясында 500 жаңа өнiм түрi өндiрiлдi. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрi Жеңiс Қасымбек ОКҚ брифингi барысында мәлiмдедi, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.
«Индустрияландыру бағдарламаларын жүзеге асырудың арқасында өңдеу секторында 26 жаңа кәсiпорын ашылды. Қазақстанда бұрын шығарылмаған 500-ден астам жаңа өнiм түрi өндiрiлдi. Олардың қатарында жүк және жолаушылар вагондары, электровоздар, жүк және жеңiл автокөлiктер, автобустар, трансформаторлар, рентген аппаратурасы, дәрiлiк заттар және тағы басқа да өнiмдер бар. Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру 170 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкiндiк бердi», - дедi Ж.Қасымбек.
Министрдiң айтуынша, 2015 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу секторы 100,2 пайызға өскен. Аталмыш тенденция биыл да сақталып, 8 айдағы көрсеткiш 100,7 пайызды құрап отыр. Негiзi бұл көрсеткiшке индустрияландыру бағдарламасының басым салаларының арқасында (қара және түстi металлургия, химиялық өнеркәсiп) қол жеткiзiлiпті.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы биылғы жылдың 9 қыркүйегінде жаңа Үкiметтiң алдына бiрқатар мiндет қойған болатын. Сол мiндеттердiң iшiнде Елбасы индустрияландырудың жаңа кезеңiнде елдiң экспорттық әлеуетiн әртараптандыру мәселесiне және Қазақстанның көлiк инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударған едi.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Дереккөз: bnews.kz