Индонезиядағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 47-ге жетті

Индонезиядағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 47-ге жетті
Фото: ARNOLD WELIANTO / AFP via Getty Images

Индонезияның Шығыс Нуса-Тенгара (NTT) провинциясында магнитудасы 7,7 жер сілкінісінен 47 адам қаза тапты. Жойқын зілзаладан кейін 341 афтершок тіркелді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі индонезиялық detiknews сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы Табиғи апат салдарын жою жөніндегі ұлттық агенттіктің (BNPB) апаттар жөніндегі деректер, ақпарат және байланыс орталығы басшысының міндетін атқарушы Бертон СП Панджаитан мәлімдеді. Оның айтуынша, ең көп адам Манггарай округінде қаза тапқан - 23 адам. Шығыс Манггарайда 17 адам көз жұмған.

Ресми өкілдердің мәліметінше, көшкін жолдарды жауып, байланыс үзілгендіктен, құтқарушылар жер сілкінісінің эпицентріне ең жақын орналасқан Нагекео өңіріне әлі жете алмай отыр.

Мыңнан аса ғимарат бүлінген, олардың басым бөлігі қатты зақымданған. Арасында ондаған әлеуметтік нысан бар. Соның ішінде 93 білім беру мекемесі, 36 медициналық және 38 мемлекеттік мекеме зардап шеккен.

Табиғи апат салдарынан 5 мыңнан аса адам эвакуациялануға мәжбүр болды.

Таңертеңгі жер сілкінісінен кейін Оңтүстік-Шығыс Азиядағы осы елдің бірнеше өңірінде биіктігі 1 метрге жетпейтін цунами толқындары тіркелді. Шамамен үш сағаттан кейін билік цунами қаупі туралы ескертуді алып тастады.

Еске салайық, магнитудасы 7,7 жер сілкінісі Индонезияда сенбі, 15 тамызда таңертең ерте болды. Жер сілкінісінің ошағы Индонезияның Флорес аралына жақын жерде орналасқан. Одан кейін магнитудасы 6,2 тағы бір жерасты дүмпуі тіркелді. Оның ошағы Лабуан-Баджо қаласынан 102 шақырым жерде болған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget