- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- денсаулық
Иммунитеттің белсенді болуы қауіпті! - Алмаз Шарман ағзаның құпия қасиеттері жайында
Суықтың келуімен тұмау маусымы басталады. Жиі ауырмас үшін иммунитеттің рөлі маңызды. Көпшілік иммунитетті арттыру үшін биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) ішеді, суперфудтер жейді және ағзаны тазартатын процедуралар жасайды. Алайда иммунитетті күшейту мүмкін бе? Жылдам нәтижеге жеткісі келудің қандай қауіптері бар? Бұл сұрақтарға АҚШ-тың жетекші ғылыми зертханаларында жұмыс істеп жүріп, осы проблеманы терең зерттеген иммунолог-дәрігер Алмаз Шарман жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Иммунды жүйе деген не?
Дәрігер Алмаз Шарманның айтуынша, иммунды жүйе жеке орган емес, ол бүкіл ағзаға тараған жасушалар мен молекулалардың күрделі жүйесі.
Иммунды жасушаларды ағзаны вирустар мен бактериялардан қорғайтын "сарбаздармен" салыстыруға болады. Мысалы, вирус тыныс алу жолдарының жасушаларын зақымдаса, бұл жасушалар иммунды жүйеге белгі жібереді. Иммунды жасушалар вирустың таралуын тоқтату үшін зақымдалған жасушаларды жояды.
"Біздің ағза миға химиялық белгілер жібереді. Ол бізде қызудың көтерілуіне, шаршауымызға және тәбетіміздің жоғалуына әкеледі", - дейді Алмаз Шарман.
Бұл біздің жылдам жазылуымызға және басқалармен байланысымызды шектеп, жұқпаның таралмауына көмектеседі.
Дәрігер симптомдарды дәрінің көмегімен басу иммунды жүйе жұмысын бұзуы мүмкін екенін ескертті. Симптомдар - ағзаның қалыпқа келу қажеттілігі жайлы белгі беру жолы.
Ағзаға сеніп, оның қалыпқа келуіне мүмкіндік берген дұрыс, өйткені иммундық реакцияны іске қосу үшін айтарлықтай энергия ресурстары қажет.
Иммунитеттің өте белсенді болуы зиян
Иммунитет - күрделі жүйе. Мысалы, инфекция кезінде қабыну вирусты жеңу үшін тіндерді жойып жібере алады. Алайда ағза әр тітіркендіргішке әсер ететін аса сезімтал механизмге айналмай, тепе-теңдікті сақтауы керек. Иммунды жүйе қауіп төнгенде қорғана алуы, ал қауіп жоқ кезде тыныштық күйде қалып білуі керек. Себебі шамадан тыс және ұзаққа созылған қабыну ағзаға зиян тигізуі мүмкін.
"Сондықтан да иммунды жүйенің өте белсенді болғанынан гөрі үйлесімді болғаны жақсы. Күйзеліс, дұрыс тамақтанбау және ұйқының жетіспеуі секілді факторлар қажетсіз қабыну процестерін тудыруы мүмкін. Жас ұлғая келе созылмалы қабыну жиналып, 2-типті қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары және қатерлі ісік қаупін арттырады", - дейді Алмаз Шарман.
depositphotos.com
Генетика, күйзеліс және ұйқы: иммунитетке не әсер етеді?
Генетика ағзаның инфекциялармен қаншалықты тиімді күресетінін анықтауда шешуші рөл атқарады. Дегенмен күйзеліс, ұйқының жетіспеуі және тамақтану сияқты аспектілер де оның жұмысына айтарлықтай әсер етеді.
"Созылмалы күйзеліс иммундық жүйенің жұмысын тежейтін кортизол гормонының бөлінуіне әкеледі. Ұйқы жетіспесе, вирустар мен зақымдалған тіндерді жоюға жауап беретін жасушалардың белсенділігі төмендейді. Ұзақ уақыт бойы күйзелісте жүру иммундық реакцияны тежейтін кортизолдың жиналуына әкеледі, бұл ағзаны ауруларға қарсы әлсіз етеді", - деп түсіндірді иммунолог Алмаз Шарман.
Микробиоманың иммунитетке әсері
Микробиома - ішекті мекендейтін микробтар, олар иммундық жүйенің жұмысында шешуші рөл атқарады. Бұл микробтар тағамның қорытылуына ықпал етіп қана қоймайды, иммундық реакцияны реттеуге белсенді қатысады.
Бала дүниеге келген кезде ағзаға оның иммундық жүйесін зерттейтін микробтар жинала бастайды. Бұл микробтар иммундық реакциялардың тепе-теңдігін орнатуға және олардың дұрыс жұмыс жасауына ықпал етеді.
"Алайда қазір адамдардың тамақтану әдеттері айтарлықтай өзгерді. Адамдар жартылай өңделген өнімдерді көп жейді және антибиотиктерді жиі ішеді. Бұл аллергияның және аутоиммундық аурулардың көбеюіне әкелді. Мұның барлығы, сөзсіз, иммунды жүйенің жұмысына әсер берді", - дейді Алмаз Шарман.
Биологиялық белсенді қоспалар ауырмауға көмектесе ме?
Алмаз Шарманның айтуынша, егер дұрыс тамақтанып жүрсеңіз, қосымша дәрумендерге ақша құртудың қажеті жоқ. Себебі С дәрумені мен басқа да ББҚ-лардың тиімділігін дәлелдейтін зерттеу мәліметтері шектеулі.
Бірақ дәрігер ББҚ-лар жоғары физикалық жүктеме немесе күйзеліс кезінде ауру қаупін төмендетуі мүмкін екенін айтты. Тұмаудың алғашқы белгілері байқалған кезде С дәрумені шынымен де оның ұзақтығын қысқарта алады. Десе де, көкөністер мен жемістерге бай үйлесімді рацион дәрумендердің ең жақсы көзі болып қалады.
Иммунитет қатерлі ісікпен қалай күреседі?
Иммунитет ағзаны бактериялар мен вирустардан қорғап қана қоймай, басқа да маңызды қызметтер атқарады: ол зақымдалған тіндерді қалпына келтіреді және ағзаны қатерлі жасушалардан қорғайды. Мысалы, зақым алған кезде тіндердің жазылуына ықпал ететін иммунды жасушалар іске қосылады. Оған қоса, ол қауіпті болуы мүмкін жасушаларды анықтау және жою үшін үнемі ағзаны бақылап отырады. Осылайша, ол онкологиялық аурулар дамуының алдын алады.
Алмаз Шарманның айтуынша, бұл принциптер қатерлі ісікпен күресуге бағытталған заманауи иммунотерапияның негізіне айналды. Ғалымдар қатерлі жасушаларды анықтау және жою үшін иммундық жүйенің табиғи механизмдерін қолдануға тырысып жатыр. Химиотерапия сияқты дәстүрлі әдістерге қарағанда иммунотерапия сау тіндерді қатты зақымдамай, ісіктерге дәлдікпен әсер етуге бағытталған. Бірақ ұзақ уақыт бойы күйзелісте жүру және иммундық жүйенің әлсіреуі қатерлі ісік қаупін айтарлықтай арттыруы мүмкін.
depositphotos.com
Иммунитетті нығайту үшін не істеу керек?
Иммунолог-дәрігер Алмаз Шарман иммунитетті нығайтуға көмектесетін мынадай ұсыныстар берді:
- Үйлесімді тамақтаныңыз. Тек суперфудтерді емес, әртүрлі және қабынуға қарсы диетаны ұстану маңызды;
- Иммундық жүйені тым белсенді етуге ұмтылмаңыз. Шамадан тыс белсенді иммундық жүйеге ұмтылу зиян. Иммундық жүйе тепе-теңдікте жұмыс істеуі керек;
- Алғашқы симптомдарды бірден дәрімен баспаңыз. Біз ауырған кезде ол миға сигналдар жібереді, бұл кезде біз әлсіздік сезініп, жабырқаңқы күйге түсуіміз мүмкін. Бұл ағзаның қалыпқа келу қажет екенін білдіреді. Оны елемей, симптомдарды дәрі-дәрмектермен басуға болмайды;
- Микробиома саулығын сақтаңыз. Иммунитет жұмысына микробиома жағдайы айтарлықтай әсер береді. Себебі алғашқы жылында микробтар иммунды жүйені зерттеп, үйренеді. Алайда соңғы жылдары адамдарда микробиома тепе-теңдігі бұзылған. Оған антибиотиктерді көп ішу, тамақтанудың өзгеруі және қайта өңделген тағамдарды жеу әсер етті. Бұл аллергияның және аутоиммунды аурулардың көбеюіне әкелді. Сондықтан микробиома жағдайын жақсарту үшін дұрыс тамақтану маңызды. Рационға жемістер, көкөністер, пайдалы майлар, ақуыз, майлы балық және жасұнық қосыңыз;
- Күйзелістен арылыңыз. Күйзелістің иммунитетке жағымсыз әсері ғылыми дәлелденген. Тыныс алу жаттығулары, таза ауада серуендеу және гаджеттерден демалу күйзелісті азайтуға және иммунитет жұмысын жақсартуға көмектеседі;
- Ұйқыны ретке келтіріңіз. Иммунды жүйенің жақсы жұмыс істеуінде ұйқының рөлі зор. Егер ұйқыңыз қанбаса, вирустармен күресетін иммунды жасушалардың белсенділігі төмендейді.
Иммунды жүйеде жаңылыс болса, ол өз ағзасына шабуыл жасап бастайды. Нәтижесінде, аутоиммунды ауру пайда болады. Аутоиммунды дерт жайлы не белгілі? Мына жерден оқыңыз.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жапатова