“Имамдар қоңыз теріп кетті“. Түркістан облысының бас имамы даулы жазбаға жауап берді

Әлеуметтік желіде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Түркістан облысына сапарына өңірдің қарапайым имамдары ақша жинағаны туралы ақпарат тарап кетті.

Massaget.kz тілшісі Түркістан облысының бас имамына мәселеге орай сауал жолдады.

"Имамдар "қоңыз теріп, қиналып кетті" - желі қолданушысы

Ораз Әлімбеков есімді желі қолданушысы Бас мүфти мен Түркістан облысының бас имамына қатысты жазба жариялады. Оның сөзінше, Түркістан облысының имамдары өңірдегі жағдайды айтып, хабарласқан. Имамдар "өңірге Бас мүфти Наурызбай Өтпенов келген сайын облыстың жаңадан тағайындалған бас имамы Ержан Төлепов ақша жинайтынын" айтып шағымданған.

"Бас мүфтидің 2024 жылдың қаңтар айының соңында Түркістанға барған 2 күндік ресми сапарына арнап, облыстағы 17 аудан және қала имамдарының әрбірінен 150 мың мен 300 мың теңге аралығында ақша жиналды. Аудан имамы қарапайым молдаларға салмақ салады. Олар ақша іздеп, тентіреп кетеді... Осылай жиналған қаржыны аудан имамдары бас имам Е.Төлепов пен оның іс басқарушысы қызметін атқаратын Әлімханның каспи голдына аударып тұрды (дәлелді чектердің көшірмесі төменде тұр). Кейбірі қолма-қол ақша әкеп берді. Мысалы, Созақ ауданының бас имамы Мейрамбек қажы облыстың бас имамына қолма-қол 150 мың теңге әкеп беріп, кейін "бұл аз" деген соң 130 мыңды каспи голдына аударған", – деп жазды Ораз Әлімбеков.

facebook.com/oraz.alimbekov

Жазба авторының айтуынша, бұл қаржының бәрі Түркістанға сапарлап келген Бас мүфтидің ұшақпен ары-бері ұшуына, қымбат қонақ үйде тұрып, қымбат мейрамханадан ауқаттануына жұмсалады екен.

"Хазірет мүбәрак жүзін түркістандық жамағатқа көрсеткені үшін" де хадия (сыйлық) беріледі. Оның парқы мен нарқы – 2 миллион. Әрине, жиналған ақша түгелімен Бас мүфтидің Түркістанға келіп-кетуіне жұмсалмаған шығар. Бірақ облыстың бас имамы Е.Төлепов қанша ақша қайда жұмсалғаны, қанша ақша артылып қалғаны жөнінде қарапайым молдаларға есеп берген емес, бермейді де. Себебі Бас мүфти Н.Өтпенов Ержан Төлеповті аттай қалап, осы облысқа былтыр көктемде бас имам қылып қойған. Облыстың бұрынғы имамы – Әл-Азһар университетінің түлегі, Phd докторы Еркебұлан Қарақұлов Бас мүфтиге жақпады. Түркістанға дейін екі облыста бас имам болған Е.Құрақұлов Е.Төлепов секілді қарапайым имамдардан бүйтіп ақша жинамайтын. Сондықтан болса керек, былтыр көктемде оны облыстың бас имамы қызметінен алып тастады. Оның орнына бас имамдық тәжірибесі жоқ Е.Төлеповті әкеліп қойды. Осыдан кейін Бас мүфти Түркістанға жиі сапарлайтын әдет шығарып алды. Ал түркістандық қарапайым имамдар өңірге сапарлап келетін мүфтилердің ішім-жеміне, келіп-кетуіне ақша жинап, әбден қиналып кетті", – деді ол.

facebook.com/oraz.alimbekov

Түркістанның бас имамы не дейді?

Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов мәселеге орай жауап беріп, тараған ақпарат жалған екенін мәлімдеді.

"Автор жазбасында Бас мүфтидің Түркістан облысына келген сапарына орай өңір имамдарынан ақша жинау әрекеті болғанын жазыпты. Біз бұл ақпаратты жоққа шығарамыз және оның шындыққа жанаспайтынын мәлімдейміз. Осы ретте айта кетер жайт: имамдар тиімді бағамен мешіт арқылы газет-журналға жазылады. Кейбір дін қызметкерлері білместікпен каспи голд арқылы газет-журнал ақшасын маған аударған екен. Болған жағдайға байланысты арнайы жиналыс өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздім.

Осы жағдайды негіз еткен жазба авторы оқырмандардың көкейіне күмәнді ойлар салып, шындыққа жанаспайтын ақпараттарды таратыпты. Автордың шектен шыққан ісін өзінің ары мен ұятына қалдырамыз. Ал оқырмандарды тек расталған ақпарат көздерінен мәлімет алуға шақырамыз", – деп жауап берді ол.    

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!