Илон Маск Еуропадағы демографиялық мәселелерге тағы да пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Туу көрсеткіші халықты толықтыру деңгейіне жетпесе, Еуропа жойылады", – деп жазды кәсіпкер X желісінде.
Бұл мәлімдемесін ол АҚШ сенаторы Майк Лидің жазбасына жауап ретінде айтты. Сенатордың дерегінше, Шотландияда 2025 жылғы қаңтар-шілдеде 26,3 мың бала туған, ал қайтыс болғандар саны 35,2 мың болған.
"Өлім-жітім дүниеге келгендерден 34 пайызға көп", – деді саясаткер.
Еуростат деректеріне сай, 2023 жылы ЕО елдерінде 3,67 млн сәби дүниеге келген, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға аз. Бұл – 1961 жылдан бергі құлдырау. Әйелдердің алғаш рет ана болу жасының орташа көрсеткіші 29,8 жасқа жетіп, туу коэффициенті әр әйелге шаққанда 1,38 балаға дейін төмендеген.
Еуропадағы туу деңгейінің төмендеуі 2008 жылдан бері байқалып келеді. Сарапшылар мұны пандемия салдарымен, шығындардың өсуімен, инфляциямен және климаттың өзгеруіне байланысты алаңдаушылықпен түсіндіреді.
Былтыр да Маск Германия мен жалпы Еуропа халқының төмен туу көрсеткішінен жойылу қаупінде тұрғанын ескерткен болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек