Илон Маск басқаратын министрлікті бақылап отырмыз: Сенат спикері бюджет қаржысын үнемдеуге қатысты

Илон Маск басқаратын министрлікті бақылап отырмыз: Сенат спикері бюджет қаржысын үнемдеуге қатысты
Фото: Сенат баспасөз қызметі

Бүгін Сенат депутаттары алғашқы оқылымда Бюджет кодексін талқылап жатыр. Отырыс барысында Төраға Мәулен Әшімбаев бюджет қаржысын үнемдеуге қатысты АҚШ-ты мысалға келтірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазір көбіміз Америкада не болып жатқанын, жаңа әкімшілік қандай шаралар қабылдап жатқанын көріп отырмыз. Олар Илон Маск басқаратын жаңа министрлік құрды. Үкіметтің тиімділігін арттыру жөніндегі министрлік деп аталады. Қазір осы министрлік бюджетті қысқарту мәселесімен айналысып жатыр. Әр мемлекеттік органға талдау жасап, тиімсіз деп санаған дүниелерді алып тастады. Олар қанша ақша үнемдейтінін байқап көрейік. Әрине, бізге ешкімнен ештеңе көшірудің қажеті жоқ. Бірақ шығыстарды тиімді жұмсау мәселесіне біз де назар аударуымыз қажет" - деді Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.

 Сенат спикерінің пікірінше, қазіргі бюджет ережелері мемлекеттік бюджетті тиімді реттеу үшін жеткіліксіз.

"Осыған байланысты бірінші мәселе - қабылдаған ережелерімізді орындау. Екінші мәселе - өмір әлдеқайда кең және бюджет процесі әлдеқайда күрделі, ол, бәлкім, тек екі ереже арқылы реттелмейді. Ал тиімді емес шығындарды болдырмау, рационалды емес шығындарды болдырмау ережесі қайда? Қазір қоғамда ҚҚС туралы пікірталас жүріп жатыр, үкіметтің аргументтерін түсінеміз. Бірақ қазіргі шығындарды дұрыс бөлу және кейбірін қысқарту маңызды", - деді Әшімбаев.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget