Илон Маск әлемдегі алғашқы триллионер атанды

Америкалық кәсіпкер Илон Маск өзіне тиесілі SpaceX компаниясының IPO-сынан кейін әлемдегі алғашқы триллионер атанды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Euronews мәліметінше, аэроғарыш технологиялары мен жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін SpaceX компаниясы қаржы нарығы тарихындағы ең ірі IPO аясында Nasdaq биржасында саудалана бастады.

Нью-Йорктегі сауда сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Маск компанияның мақсаты - "ғылыми фантастиканы шындыққа айналдыру" екенін мәлімдеді.

SPCX тикерімен шыққан бағалы қағаздардың саудасы 150 доллардан басталды, бұл орналастыру бағасынан 10 пайыз жоғары. Сауда басталғаннан кейін бірнеше минут ішінде акция құны 160 доллардан асып түсті.

Бұған дейін бейсенбіде компания 555,6 миллион дана А класындағы акциялардың әрқайсы үшін 135 доллар көлемінде баға белгілегенін растады. Осылайша, компанияның құны шамамен 1,78 триллион долларға бағаланып, 75 миллиард доллар инвестиция тарту көзделді.

Бастапқыда компания орналастырылатын көлемнің 30 пайызына дейін бөлшек инвесторларға, оның ішінде 10 пайызын еуропалық сатып алушыларға бағыттауды жоспарлаған болатын, алайда аяғында бұл үлес 20 пайыз деңгейінде бекітілді. SPCX акцияларына арналған опциондар келесі аптада саудалана бастауға тиіс.

Forbes деректері бойынша, Масктің IPO-ға дейінгі SpaceX-тегі шамамен 42 пайыз болатын үлесі 500 миллиард долларға бағаланған еді. Орналастырудан кейін бұл үлестің құны шамамен 690 миллиард долларға дейін өсіп, кәсіпкердің жалпы байлығы 1 триллион доллардан асты.

Материалда Маскпен бірге IPO-дан SpaceX-тің мыңдаған қызметкері де табысқа кенелетіні, олардың енді миллионерге айналғаны атап өтіледі.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз