Ильхам Әлиев Қазақстан Президентіне алғыс айтты

Ильхам Әлиев Қазақстан Президентіне алғыс айтты
Фото: depositphotos.com

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірді. Бұл туралы ол X әлеуметтік желісінде жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мен Иран тарапынан Нахчыванға жасалған соққыларды айыптағаны және Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы бауырластық әрі одақтастық қатынастар рухында елімізді қолдағаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысымды білдіремін", - деп жазды Әлиев.

Еске салайық, 5 наурызда Ираннан ұшырылған дрондар Нахчыван қаласындағы әуежай аумағына құлаған. Әзербайжанның Сыртқы істер министрлігі осы оқиға салдарынан әуежай ғимараты зақымданып, бірнеше бейбіт тұрғын зардап шеккенін мәлімдеді.

Нахчыван қаласындағы әуежайға ирандық дрондар шабуылына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз ұстанымын білдірді. Ол бұл әрекетті "бауырлас, одақтас Әзербайжанға" қарсы жасалған қадам ретінде қатаң айыптады.

"Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Иранмен бірлесіп, оқиғаны мұқият тергеуге, сондай-ақ өңірдегі шиеленістің ушығуына жол бермеу үшін жанжалды дипломатиялық жолмен реттеуге үміт білдірді", - делінген хабарламада.

Ал Тегеран Әзербайжан бағытына дрондар ұшырылғанын жоққа шығарып отыр. Иран Бас штабы мұндай әрекеттерді бұған дейін Израиль мұсылман елдері арасындағы қарым-қатынасты нашарлату мақсатында жасағанын да мәлімдеді. Ал Әзербайжан өз кезегінде Иранға жауап шараларын қолданатынын ескертті.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget