- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Иисус қасында отырған...
"Иисус қасында отырған Иуданың кім екенін білді дейсіздер ме?" Назарбаев Мәсімов туралы ойын ашық айтты
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Менің өмірім. Бодандықтан - бостандыққа" атты кітабында Кәрім Мәсімов туралы ойын ашық айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"2022 жылғы күздің аяғында журналистер менен мемлекетке сатқындық жасады, билікті күшпен басып алуға әрекет етті деп айыпталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің артында кім тұрған деп ойлайтынымды сұраған болатын. Былай деп жауап қайтардым: "Бұл сұрақ мені де қызықтырады, мен де тергеу мен соттың аяқталғанын күтіп жүрмін. Мұның қандай себебі болды және оның артында кім тұр? Жауабы өте қиын. Мәсімов менімен бірге көптеген жылдар бойы жұмыс істеді, бірақ қайдан білерсің? Иисус қасында отырған Иуданың кім екенін білді дейсіздер ме? Біз құдай емеспіз ғой. Сондықтан соттың аяқталуын күтейік, меніңше, сол кезде бәріміз де ақиқатқа көз жеткізетін боламыз". Заң бұзған жазасыз кетпейтініне сенгендіктен айтқан едім мұны. Дәл солай болды да. Іс ұзақ, тыңғылықты қаралды. Тергеуді айтпағанда, сот процесінің өзі жарты жылдан астам уақытқа созылды. 2023 жылғы 24 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке және оның орынбасарлары Ә. Садықұловқа, Д. Ерғожинге, М. Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. К. Мәсімов пен Ә. Садықұлов мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, Д. Ерғожин билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, М. Осипов билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бойынша айыпты деп табылды. Кәрім Мәсімов 18 жылға сотталды. Басқалар да тиісті жазасын алды", - делінген кітапта.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек