Игорь Тальковтың өлімі: 34 жылдан кейін сот үкімі шықты

Игорь Тальковтың өлімі: 34 жылдан кейін сот үкімі шықты
Фото: Кадр видеодан

Санкт-Петербург соттарының біріккен баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ресейде сот 34 жылдан кейін әнші Игорь Тальковтың өліміне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Петроград аудандық соты Игорь Тальковтың бұрынғы концерттік директоры Владимир Шляфманды сырттай 13 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сот Шляфманды жалпы режимдегі колонияға қамауға жіберу туралы шешім қабылдады.

Сот отырыстары Шляфманның қатысуынсыз өтті. Тергеу мәліметі бойынша, қылмыстан кейін ол Израильге кетіп қалған және сол жерде әлі күнге дейін тұрып жатыр.

Игорь Тальковтың өлімі
1991 жылғы 6 қазанда "Юбилейный" спорт сарайында танымал әртіс Игорь Тальков қайғылы жағдайда қаза тапты. Тергеу деректеріне сәйкес, оқиға Тальковтың концерттік директоры Валерий Шляфман мен әнші Азизаның өкілі Игорь Малахов арасындағы жанжалдың салдарынан болған. Даудың себебі – сахнаға шығу кезегі болған.

Тергеу болжамы бойынша, ауызша жанжал кезінде Малахов тапаншаны суырып алған. Шляфман оны тартып алып, шабуылдаушыны тоқтатуға тырысқанда, оқ атылған. Алайда оқ Малаховқа емес, Тальковқа тиіп, оның өліміне себеп болған.

2022 жылдың қаңтарында Санкт-Петербург соты Валерий Шляфманды музыкантты өлтірді деген айыппен сырттай қамауға алды. 2024 жылдың маусымында іс сотқа жіберілді.

Игорь Тальков – кеңестік рок-музыкант, әнші, ән авторы, ақын және киноактер. 1956 жылы Тула облысындағы Щекино қаласының маңында дүниеге келген. Жергілікті №11 орта мектепте оқыған, кейін бұл мектепке музыканттың есімі берілді. Оның шығармашылық жолы Тулада басталды. Көпшілікке алғаш рет "Жыл әні" фестивалінде "Чистые пруды" әнімен танылған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget