Астаналық тұрғын бұрынғы сүйіктісінен сыйлықтар үшін жұмсалған соманы сот арқылы қайтаруды талап етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Астана сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Талапкер А. қарызды өндіріп алу үшін жауапкер С.-ға талап қойып, сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот қойылған талапты қанағаттандырудан бас тартты. Талапкер сот шешіміне апелляциялық сатыдағы сотқа шағымданған.
Іс материалдарынан талапкер А.-ның моделі "iPhone 12 Pro MAX" ұялы телефонын, сондай-ақ, "Apple Watch Series 6" смарт сағатын несиеге сатып алып, оларды өзі араласып жүрген жауапкер С.-ға сыйға тартқаны анықталды.
"Қойылған талапқа жауапкердің несиені төлеуге көмектесуге уәде бергені, бірақ оның сыйлықтарды алғаннан кейін оларды ломбардқа кепілге қойғаны туралы уәж келтірілді. Осыған байланысты А. соттан 800 мың теңгеге жуық телефон мен сағаттың құнын жауапкерден өндіріп беруді сұрады", - делінген хабарламада.
Жауапкер өзінің жәрдемақысы есебінен кредитті өтеуге оған мүмкіндігінше көмектескенін және оған 149 мың теңге аударғанын түсіндірді.
Бірінші сатыдағы сот Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі 506-бабының сыйға тарту шарты бойынша бiр тарап (сыйға тартушы) басқа тараптың (сыйды алушының) меншiгiне затты не өзiне немесе үшiншi тұлғаға мүлiктiк құқықты (талапты) тегiн береді немесе беруге мiндеттенеді не оны үшiншi тұлғаның алдындағы мүлiктiк мiндеттен босатады немесе босатуға мiндеттенеді деген талабын өз шешіміне негіз етіп алды.
Сотқа қарыз шартының немесе өзге шарттың элементтерін, сондай-ақ, талапкер талабындай ақшаны қайтару міндеттемесін қамтитын дәлелдемелер ұсынылмаған.
Сот ақшаны қарызға беру болған жоқ деп есептеді. Талапкер несиені өз еркімен рәсімдеп, жауапкерге сыйға тартты, ал жауапкер болса сыйға тартылған мүлікке өз қалауы бойынша билік етті.
Апелляциялық сатыдағы сот көрсетілген негіздер бойынша бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!