Тамақ әзірлеуге арналған үлкен темір жәшік соңғы елу жылда бірталай өзгеріске ұшырады. Алдымен желдеткіш конвекциялар орнатылса, кейіннен жарық диодты дисплеймен жұмыс істеді. Дегенмен оның негізгі техникалық құрылымы мүлде өзгермеді. Осы орайда iPhone, FitBit, GoPro және Lyft гаджеттерін құрастырушылар микротолқынды пештің инновациялық нұсқасын ұсынады.
June – сіздің қандай тағам әзірлеуге дайындалып жатқаныңызды ұғынатын алғашқы смарт-пеш. Ол адамның жұмысын жеңілдететін үйдегі «ақылды» жабдықтардың бірі болмақ.
Жоба авторларының бірі Мэтт ван Хорнның (Matt van Horn) айтуынша, 1970 жылдан бері асхана жабдығында мұндай ғажайып аппарат болмаған. Apple компаниясының бұрынғы инженері Никхил Бхогал (Nikhil Bhogal) June өнімінің құрастырушыларының бірі болып табылады.
Микротолқынды пештің келесі ұрпағы тағамның құрамын ескеріп, автоматты түрде оның дайындалу уақыты мен қолайлы температурасын реттей алады. Бұл пештің смарт-құрылғы екенін дәлелдейді. June өздігінен тағамның түрін анықтап, салмағын өлшей алады. Оның ішінде антитермалды қабатпен оралған камера орнатылған. Мұндай құрылым әзірге ешбір асхана техникасында жоқ.
Айта кетсек, June жобасының тобында камера саласында үлкен тәжірибеге ие инженерлер бар. Мысалы, Бхогал iPhone смартфонының бірнеше нұсқасының камерасын дамытумен айналысқан. Оның атына Apple компаниясының біршама патенті тіркелген. 4-ядролы NVIDIATegra K1 процессоры мен жоғары технологияға ие камералардан бөлек, «ақылды» пеш машиналық құрылымның алгоритмін іске қоса алады. Бұл June аппаратының түрлі тағамдарды ажыратуға көмектеседі. Мұндай алгоритмді Google контент бойынша сурет іздеуде қолданады.
Тағамның әзірленуін iPhone арқылы бақылауға болады. Сондай-ақ, смартфон тамақтың қанша уақытта дайын болатыны туралы да мәлімет беріп отырады.
Ескере кетсек, June смарт-пешіне алғашқылардың қатарынан қол жеткізу үшін 95 АҚШ долларын алдын ала төлеу қажет. Ал оның толық бағасы – $1495. Инновациялық өнім нарыққа 2016 жылдың көктемінде шығады.