iPhone 6s смартфоны 3D Touch функциясына ие болды

Apple корпорациясының бас директоры Тим Кук жаңа iPhone 6s пен iPhone 6s Plus смартфондарын ресми түрде таныстырды. Көптен күткен смартфон бұрын белгісіз болған 3D Touch функциясына ие болыпты. Сонымен қатар, сыртқы корпусының моделі алқызыл түспен толыққан.

7000 сериядағы  алюминий қоспасы ұшақ пен iPhone корпусында ғана қолданылады. Бұл жаңа аппараттың берік болатынын айғақтайды. Смартфон дисплейінің беткі айнасы ионды өңдеуден өтіп, екі есе берік негізге ие болған.

3D Touch

Ең бастысы — 3D Touch. Apple жаңа смартфон технологиясына сенсорлы батырманың үш өлшемді мүмкіндігін енгізді. iPhone-ның смарт құрылымы экранға жанасуды сезіп, сенсор бетіне альтернативті функцияларды жылдам шығарады. 3D Touch функциясы кез келген мобильді қосымшада бірдей қолданылады. Нақтырақ айтар болсақ, iPhone смартфондарына дайындалатын қосымшалар iOS 9 платформасының көмегімен автоматты түрде 3D Touch функциясына бейімделеді. Мысалы, карта қосымшасынан белгілі бір мекенжайды экранға үдемелі басу арқылы қосымша ақпараттарды бөлек интерфейсте шығаруға болады. Бұл функция, әсіресе, Instagram, Facebook сынды әлеуметтік желілерді үнемі пайдаланатын қолданушылар үшін тиімді болмақ. Айта кетсек, iOS 9 операциялық жүйесін 16 қыркүйектен бастап орнатуға болады.

Камера

iPhone смартфондарын қолданушылар үшін камера сапасы басты орында екені белгілі. Мұны ескерген Apple инженерлері iSight камерасын 12 МП сапаға көтеріп, 4К мүмкіндігімен қамтамасыз еткен. Apple экран пиксельдерінің артуы камера сапасына әсер ететінін айтады. Дегенмен мұндай шикілік жаңа iPhone-да орын алмайтыны нақтыланды. Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, камера сапасы бұрынғыдан 50%-ға артқан. Ал фронт камерасы 5 МП сапаға ие болып, FaceTime HD Camera автофокусымен жабдықталған. Бұл iPhone тарихындағы тұңғыш автофокус болып отыр.

Apple өнімі камерасының пиксельдік көлемі салыстырмалы тұрғыдан аз болғанымен, түсірілетін сурет көрсеткіші әлдеқайда жоғары. Бұл Apple компаниясының автоматты өңдеу функцияларының көмегімен іске асады. Сонымен қатар, 4K сапада түсірілген видеолар да арнайы монтаждау қосымшаларында оңай әрі жылдам өңделеді.

iPhone 6s таныстырылған Bill Graham Civic Auditorium ғимараты

Айта кетсек, Apple-дің бір жылдық жобасына смартфонның батареясы мен интерфейсі енгізілмепті. Одан бөлек, жаңа аппараттардың көлемі мен сыртқы корпусы да өткен жылы таныстырылған iPhone 6 мен iPhone 6 Plus смартфондарынан еш өзгермеген. Әйткенмен де, Applе басшысы 3D Touch функциясының көптің орайына оң келетініне сенімді болып отыр.

Жаңа смартфондар жыл сайынғы жоспар бойынша, қыркүйектің 25-інен сатылымға шықпақ. Алғашқы елдердің тізіміне әзірге Еуропадан Германия, ал Азиядан Сянган (Гонконг) еніп отыр. Ал смартфонның әлемдік нарықтағы стандартты бағасы $649 (16 ГБ), $699 (64 ГБ) және $749 (28 ГБ) болмақ.