Қазіргі нарықта гибридті құрылғылар сұранысқа ие бола бастады. Тұтынушылар планшет әрі ноутбук қызметін атқаратын әмбебап аппараттарды сатып алғысы келеді. Мұны ескеріп, Microsoft корпорациясы Surface өнімін шығарғаны белгілі. Ал Apple компаниясы бұл идеяны құптай ма?
Apple компаниясы бұл идеяны жүзеге асыру тиімсіз деп біледі. Купертинодағы компанияның басшысы Тим Кук iPad пен MacBook өнімдерінің гибридті нұсқасы шығады деген қауесетті жоққа шығарды. Расында Apple оларды біріктіруді жоспарламаған екен. Тим Куктің айтуынша, мұндай өнімді шығару үшін көптеген күрделі мәселелерді шешу керек. Сонымен қатар, екі нарықтың өнімін біріктіріп, екі есе табысқа қол жеткізу мүмкін емес.
Америкалық сарапшылар да Mac пен iPad өнімдерінің бөлек сатылғаны әлдеқайда тиімді екенін айтады. Әлемдегі ең көп сұранысқа ие аппараттарды шығаратын компанияның гибридті өнімі тұрақты қолданушыларына да ұнамауы мүмкін.
Тим Кук жақында Daily Telegraph басылымына сұқбат берген болатын. Ол сөз барысында дербес компьютерлердің тез арада сұраныстан шығып қалатынын айтқан еді. Тим Кук ол кезде Windows негізіндегі компьютерлерді айтқанын енді мәлімдеп отыр. Осылай Apple басшысы тұтынушылардың Mac ноутбуктеріне өтуді насихаттағанын білдірді.