Apple инженерлері бағдарламалаған операциялық жүйе жоспарлаған күні ресми түрде таныстырылды. Енді Apple гаджеттерін тұтынушылар өз платформасын жаңарта алады.
Америкалық бағдарламашылар iOS 9 жүйесін бірнеше рет сынақтан өткізіп, жаппай қолданысқа беріп отыр. Дегенмен жаңартудың бастапқы сатысында белгілі бір қиындықтар туындауы мүмкін. Сондықтан смартфон немесе планшетіңізге жаңа платформаны орнатпас бұрын, гаджеттегі ақпараттарыңызды бірнеше жерге көшіріп алыңыз. Мұны iCloud немесе iTunes қосымшаларының көмегімен жасауға болады.
iOS 9 оперативті жүйесінің жаңартылған нұсқасын қондыра алатын Apple аппараттары: iPhone 4s; iPhone 5; iPhone 5c; iPhone 5s; iPhone 6/6 Plus; iPhone 6с/6s Plus; iPad 2; iPad 3; iPad 4; iPad Air; iPad Air 2; iPad mini; iPad mini 2, iPad mini 3; iPad mini 4; iPod touch 5; iPod touch 6.
Платформаны iTunes бағдарламасы арқылы жылдам жаңартуға болады. Бар болғаны смартфонды компьютерге қосып, «Жаңарту» батырмасын басу керек. Содан кейінгі әрекет ретімен көрсетіледі. Ал қосатын Apple компьютеріңіз болмаса, «Баптаулар -> Негізгілер -> ОЖ жаңарту» бағатымен iOS 9 операциялық жүйесіне қол жеткізе аласыз.