ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов ғылым және коммерциализациялау бойынша Халықаралық кеңес мүшелерімен ресми кездесу өткізді, - деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің баспасөз орталығы.
Айта кету керек, ғылым және коммерциализациялау бойынша Халықаралық кеңес ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің «Өнімді инновацияны ынталандыру» жобасы аясында құрылған.
Кеңес құрамына 2 қазақстандық және 5 шетелдік сарапшылар енді: Асқар Арынғазин, Аюп Ысқақов, Селуччи Томос Энтони, Азулай Эрик Кале, Чанбаша Башир, Мартин Эмиль, Маджиди Мехди.
Қазіргі уақытта ғылым және коммерциализациялау бойынша Халықаралық кеңесінің мүшелері ағымдағы жылғы тамыз айында өткен байқаудың үздік жобаларын анықтау бойынша жұмыстар жүргізуде. Гранттық байқауға барлығы 400-ден аса өтініш тапсырылды, оның ішінен кеңес 71 жобаны іріктеп алды. Дәл қазір құжаттар конкурстық іріктеудің екінші кезеңінен өтуде. Оның ішінде 30 жоба анықталып, гранттық қаржыландыруға ие болады.
Кездесу барысында И. Тасмағамбетов жаңартылатын энергия, нано- және биотехнология, робототехника сияқты заманауи салалардағы жобаларды әзірлеуге көңіл бөлу қажеттігін атады.
Вице-премьер баса айтып өткендей, «Байқоңыр ғарыш айлағының халықаралық мәртебесін ескерсек, біздің еліміз үшін аэроғарыш саласындағы жобаларға басымдық беріледі».
«Кез-келген мемлекет үшін ғылымның маңызын өздеріңіз жақсы білесіздер. Еліміздің жетістігі бұл саланың қаншалықты дамығаны және экономикаға бағытталғанына тәуелді. Тәуелсіздік жылдарындағы Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен, сондай-ақ, халықаралық қаржы институттарының табысты жұмысы нәтижесінде алғаш рет ғылымның дамуына қомақты қаржы бөлініп отыр. Бұл мәселеде ғылыми ізденістің бұдан әрі қаржыландырылуы отандық ғылымды дамыту жұмыстарының тиімділіне және дұрыс жүзеге асырылуына байланысты болатынын түсінуіміз қажет», - деп атап өтті И. Тасмағамбетов.
Кездесу барысында жобалардың бірден-бір құрамдас бөлігі – ол өндірістік міндеттерді шешу үшін өндірістік және әлеуметтік секторлардың инновациялық консорциумын құру және әлеуметтік қызмет көрсету сапасын жақсарту арқылы халықтың тұрмыс деңгейін көтеру екендігі айтылды.
«Өнімді инновацияны ынтыландыру» жобасына келсек, ол 2016-2021 жылдар аралығында Қазақстанда жүзеге асырылады. Жоба бес құрамдас бөліктен тұрады. Атап айтқанда, ғылыми жобалар мен PhD зерттеулері үшін гранттар, өндірістік консорциумдар мен әлеуметтік инновация консорциумдарын құруға бағытталған гранттар, венчурлық қор, брокерлік команда, шетелдегі технологиялық жылдамдату кеңселерін құруға бағытталған технологияларды коммерциализациялау жүйесін біріктіретін бөлік, сондай-ақ, жобаларды басқару бойынша топтар қызметін қаржыландыру бөлігін құрайды. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының жанынан республикадағы инновацияларға талдау жасау алаңын құру жоспарлануда.