“Хуторлықтар бандасы“ бары рас па? Шерзат ісі бойынша айыпталушы жауап берді

“Хуторлықтар бандасы“ бары рас па? Шерзат ісі бойынша айыпталушы жауап берді
Фото: Видео кадры

Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жауап алу барысында адвокаттардың бірі "Хуторлықтар бандасы" бар ма?" деп сұрады. Бұл сұраққа айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев жауап берді.

"Біздің ауылымыз - Тұрар Рысқұлов ауылы, атамыз сол жерде туып-өскен. Бұрын ол жерде көп орыс тұрған. Сондықтан ауылды "Хуторский" деп атап кеткен. Кейін құрылыс көп салынғаннан "Бригада" деген атауы болды. Бірақ ол жерде "хуторлықпын", "хуторский-95" деген сөз аузымнан шыққан жоқ", – деді Нұрбол Тоқтаубаев.

Бұған дейін марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сотта Нұрбол Тоқтаубаев өзін "хуторлықпын" деп таныстырғанын айтқан болатын. Алайда айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев өзін "хуторлық бандасымен" ешқашан байланыстырмағанын мәлімдеді.

"Ешқандай бандит емеспін және өзімді "хуторлықпын" деп айтқан емеспін", – деді Нұрбол Тоқтаубаев сотта.

Айыпталушы Тоқтаубаев болған оқиға жайлы өз нұсқасын айтты. Оның сөзінше, Шерзат ұрып жіберген Дархан Әскентайдың өтінішімен "Қамажай" дүкеніне барған. Оның айтуынша, ол Дарханның орнына Қаржаубайға сыра үшін қайта төлем жасаған, алайда кейін бұған дейін төленгені анықталған.

"Маған, Дарханға жүгірді. Мен сабырға шақырдым. "Аға, айғай-шусыз шешейік, төбелес шығармай-ақ қояйық" дедім. Егер төбелес шығарғым келсе, хуторлық бандит болсам, сол жерде не үшін төледім?! Бірдеңе ісетейтін болсам, сол дүкеннің ішінде істейтін мүмкіндік болды ғой. Мен керісінше сабырға шақырдым", – деді Нұрбол Тоқтаубаев.

Айта кетейік, Нұрбол Тоқтаубаев "Бұзақылық" бабы бойынша айыпталып отыр. Онымен бірге бауыры Азамат Тоқтаубаев та айыпталушылар қатарында отыр.

Шерзат ісі бойынша сот отырысы

2025 жылы 10 cәуірде Талдықорғанда Шерзат Болаттың ісі бойынша сот процесі басталды. Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы тікелей эфирден көрсетіледі.

Бұған дейінгі сот отырыстарында жәбірленуші тарап өкілдері, яғни марқұмның әжесі, ата-анасы, одан бөлек куәгерлер, айыпталушылар сөйледі.

Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?

Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.

Талғардағы қайғылы оқиға: бейнебақылау камераларының жазбалары өшірілгені рас па?

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Талғарда көз жұмған Шерзаттың отбасына тегін қорғаушы ұсынды. Сонымен қатар, Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Талғардағы жаппай төбелесте күдіктілер қандай суық қару қолданғанын айтты.

"Қазақ болып күресеміз". Заңгер Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі соңына дейін жеткізетінін айтты.

Кейінірек полиция тағы да мәлімдеме жасап, халық арасында тараған "Талғардағы жасөспірімнің өліміне бандиттердің қатысы бар" деген ақпаратқа пікір білдірді. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Артынша марқұмның отбасын полиция күзететін болды. 

Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің үйі өртенді: оқиға орнынан фотолар 

Кейін Шерзаттың ағасы да өлі табылды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget