Хуситтер Сауд Арабиясының әуежайлары мен мұнай нысандарына шабуыл жасады

Йеменнің солтүстігін бақылауында ұстап отырған шииттік "Ансар Алла" қозғалысы (хуситтер) Сауд Арабиясының Эр-Рияд және Даммам қалаларындағы әуежайларға, сондай-ақ, елдің батысындағы Saudi Aramco компаниясының нысандарына баллистикалық зымырандар мен дрондар арқылы жеті рет шабуыл жасағанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.

"Йемен қарулы күштері жеті нысанаға дәл соққы берді. Олардың қатарында Эр-Риядтағы Король Халед атындағы халықаралық әуежай, Янбу қаласындағы Aramco компаниясының нысандары, Рабиғ қаласындағы мұнай өңдеу зауыты, "Шығыс – Батыс" мұнай құбыры, Даммамдағы Король Фахд атындағы халықаралық әуежай, Наджран әуежайы және Хамис-Мушайт қаласындағы әскери әуе базасы бар", – деп хабарлады хуситтердің әскери өкілі Яхья Сариа Al Masirah телеарнасының эфирінде.

Бұдан бөлек, хуситтер Йеменнің оңтүстігіндегі үкіметті қолдайтын күштердің әскери лагері мен әскери-теңіз базасына да соққы берген.

"Біз Сауд Арабиясы бастаған қарсылас күштер шоғырланған "Ан-Наср" әскери лагеріне және Аден қаласындағы әскери-теңіз базасына шабуыл жасадық", – деді Яхья Сариа.

Оның мәліметінше, Аденде шабуылға ұшыраған әскери күштер Сауд Арабиясының бригадалық генералы Бадр Салах әл-Харби бастаған саудиялық офицерлердің жетекшілігімен дайындықтан өтіп, қару-жарақпен қамтамасыз етіліп жатқан.

Ал Сауд Арабиясы бастаған хуситтерге қарсы араб коалициясы Эр-Рияд маңында екі ұшқышсыз ұшу аппаратын әуеде атып түсіргенін хабарлады. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.

Жексенбі, 25 қазанда Эр-Риядтағы Король Халед атындағы халықаралық әуежайдың ішкі және халықаралық рейстерге арналған екі терминалы қайта ашылады. Олар хуситтердің зымыран шабуылынан кейін екі апта бойы жабық тұрған. Сол шабуыл салдарынан 13 адам қаза тауып, 300-ден астам адам жараланған.

Иран қолдайтын хуситтер мен Сауд Арабиясының қолдауына сүйенген үкімет әскері арасындағы қарулы қақтығыс төрт жылдық тыныштықтан кейін шілденің ортасында қайта өршіді. Осы уақыт ішінде хуситтер Қызыл теңіздің бүкіл батыс жағалауын және Баб-эль-Мандеб бұғазы маңындағы қалаларды өз бақылауына алған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!