Йемен жағалауындағы Қызыл теңізде кеме шабуылға ұшырады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Reuters агенттігіне және Ұлыбританияның теңіз агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жексенбіде Йеменнің оңтүстік-батыс жағалауында кеме шабуылға ұшырағанын Ұлыбритания теңіз агенттігі мен қауіпсіздік фирмасы растады. Олардың айтуынша, шабуыл хусит бүлікшілерінің әрекетіне ұқсайды.
Теңіз қауіпсіздігі қызметінің дерегінше, шабуылға ұшыраған кеме – Либерия туы астында жүзіп жүрген грек жүк кемесі Magic Seas. Ол теңіздегі пилотсыз аппараттардың соққысынан кейін суға батқан.
Ұлыбританияның Теңіз сауда операцияларын басқару қызметі (UKMTO) мен Ambrey атты теңіз қауіпсіздігі компаниясының мәліметінше, алдымен кемеге сегіз шағын қайықтан оқ атылған, оған автомат және граната атқыштар қолданылған. Кемедегі қаруланған күзет жауап ретінде оқ жаудырған.
Ambrey кейін кемеге төрт су үстіндегі дрон шабуыл жасағанын хабарлады.
Diaplous теңіз қауіпсіздігі компаниясы экипаж мүшелерінің зардап шекпегенін мәлімдеді.
Бұл - осы аймақта сәуірдің ортасынан бері алғаш рет тіркелген оқиға.
Иранмен байланысы бар йемендік хуситтер 2023 жылғы қарашадан бері кеме қатынастарына 100-ден аса шабуыл жасап үлгерген. Олар мұны Израиль мен ХАМАС арасындағы соғысқа байланысты палестиналықтарға қолдау көрсету мақсатында жасап жатқандарын мәлімдеген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек