Ақтөбе облысында төтенше жағдай салдарынан шахтада төрт кенші зардап шекті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
28 ақпанда Хромтаудағы Дон тау-кен байыту комбинаты шахтасының өндіру блогында бұрғылау жұмыстары кезінде төтенше жағдай болған. Ресми мәліметтерге сәйкес сутегі бөлінуіне байланысты төрт адам зардап шеккен. Бірақ шахта опырылмаған.
"Төрт қызметкер Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді. Зардап шеккендердің екеуі травматология бөліміне жатқызылды, біреуі амбулаториялық емделуге үйіне жіберілді, біреуі ауыр жағдайда жансақтауда. Зардап шеккендерге барлық қажет медициналық көмек көрсетіледі", - деп мәлімдеді Ақтөбе облысының Денсаулық сақтау басқармасы өкілі.
Полиция оқиғаға қатысты соталды тергеуді бастады.
"Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу дерегі бойынша полиция соталды тергеп-тексеруді бастады", - деді Ақтөбе облысының Полиция департаменті өкілі.
Айта кетейік, 2025 жылы 17 ақпанда Ұлытау облысы "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылғаны туралы ақпарат тарады. Оқиға салдарынан шахтаның 7 қызметкері үйінді астында қалды. Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та жоғалды.
18 ақпанда ТЖМ жеті жұмысшы да өлі табылғанын, олардың жеке басын анықтау үшін сараптама жүргізілетінін хабарлады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова