- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Хромтау ауданының тұрғыны...
Хромтау ауданының тұрғыны мүгедектігіне қарамастан кәсіп ашып отыр
Мүгедектік кәсіп ашуға кедергі емес. Ақтөбе облысының Хромтау ауданы тұрғыны Серік Оразымбетов қол арбаға таңылғанына қарамастан шаруа қожалығын ашып, шағын бизнесін де дөңгелетіп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24kz телеарнасына сілтеме жасап.
Ауылдың ардалы азаматы шопандар мен механизаторларға арнап баспана құрылысын да қолға алған.
Серік Оразымбетов 34 жасында апатқа ұшырап, бел омыртқасына зақым келген. 15 жыл бойы еңбек еткен шахтамен де, дәнекерлеуші мамандығымен де қош айтысуға тура келеді. Ауыл іргесіндегі халықаралық жол бойында сауда жасап, артынша кемпинг ашты. Тынымсыз еңбектің арқасында елуге жеткен шағында ауыл шаруашылығын да игеріп алды.
"Хоббиім менде, шынымды айтсам, еңбекқорлық. Жұмыстан басқа дым білмеймін. Қыдыруды білмеймін. Тек осында жүре бергім келеді. Қазір мына сіздерден кейін шөп шабуға барамын, одан кейін егінге барам, малға барамын. Жүру менікі. Осыған да үйреніп қалдық. Бұдан басқа қазір менің үйде ішім пысады. Отыра алмаймын. Бұл жұмыстың өзі маған, халықпен жүріп жатқан ұнайды", - дейді кәсіпкер Серік Оразымбетов.
Ырғыз ауданынан сатып алған бір отар еділбай қойының саны бүгінде 8 мыңнан асқан. Биыл 6 мың гектар жерге дән де сеуіп, егін оруға қызу дайындық та жүріп жатыр. Аталған істердің басы-қасында жүрген еңбекқор жан 40-қа жуық маманды жұмыспен қамтыған. Ісіне адал азаматтарға науқан аяқталған соң жаңа баспана үлестіріледі.
"Механизатор, шопандарға берілетін үйлер. Шаршы метрі 140 бар. Ішінде әжетханасымен, ваннасымен, бүкіл нәрсесімен. Содан соң мына көше түскеннен кейін заборы салынады, арғы жағында қорасы болады. Енді бұл ауыл болған соң мал ұстайтын. Мақсатым – енді осы ауылды көтеру", - дейді кәсіпкер.
Серік Оразымбетов 90-нан астам түтіні бар Оңғар ауылында тағы да 10 баспана салуды жоспарлап отыр. Содан соң мәдениет үйі ғимаратына кіріспекші. Тоқсаныншы жылдардан кейін тоқырауға тап болған ауылдың шаруа қожалығы ашылған соң ажары түрлене түскенін тұрғындар да мойындап отыр.
"Көшенің сәні кіріп қалды ғой. Қанша үй салып жатыр. Өзімнің ағаларым да жұмыс істеп жатыр. Шүкір осылай ауылымыз өсіп жатқанына, өніп жатқанына. Жұмыс ашылады. Бұйырса, жол салынады. Оған да ризамыз. Қуаныштымыз", дейді Оңғар ауылының тұрғыны Ғалия Мырзаханова.
Айрандай ұйып отырған ауылда қазір жұмыссыз жүрген жан жоқ. Бұл жайт ел ішіне таралған соң көшіп келушілер қатары да артқан.
"Қаладан көшіп келіп жатқандар да бар. Соңғы үш жылда 10 отбасы келді. Хромтаудан келгендер қазір үй салып жатыр. Құрылыс аяқталған соң Оңғар ауылына қоныстанады", дейді Дөң ауылдық округінің әкімі Ербол Аққұлов.
Серік Оразымбетов білікті маманның далада қалмайтындығына сенімді. Кәсіпкер төрт түлік бағып, егін егіп қана қоймай, болашақта шикізатты өңдеуді де қолға алмақшы. Ауылда шағын ет комбинатын ашу жоспарда бар. Әзірге мал экспортын жолға қойған. Мәселен былтыр 4 мың бас тоқтыны Иранға жөнелтті.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина