Төтенше жағдай кезінде қашатын есіктер құлыптаулы болған. Алматыда 13 адам ажал құшқан хостелдегі өртке қатысты сотта прокурор айыптау актісін оқыды.
Тергеу қорытындысына сүйенсек, нысанды жалға алушы дүкен ашуға арналған жертөлені жатақханаға айналдырып қана қоймай, өрт қауіпсіздігін сақтамаған. Эвакуациялық жолдарды жауып тастаған әрі дабыл дауысы естілмеген соң, тұрғындар ұйықтап жатқан жерінен сол күйі оянбай кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша қазір екі адам айыпталып отыр. Бірі - хостел қожайыны, екіншісі - дабыл жүйесін орнатқан кәсіпкер.
"Айыпталушы Мұхамедияров нысанды қабылдап, функционалдық мақсатын өзгерткен. Сондай-ақ дәлізде матрастар жайып, бірінші қабаттағы эвакуациялық шығу жолын жиһазбен жауып тастаған. Жертөле бөлмесінің эвакуациялық есіктері де құлыппен бекітілген. Ал айыпталушы Пекельник үй-жайды өрт дабылдарының қажетті санымен қамтамасыз етпеді және оларды дұрыс орналастырмады. Осы заңбұзушылықтардың кесірінен тұрғындар уақытында ояна алмады. Осылайша, көміртегі тотығынан 13 адамды ажал құшты", - деді прокурор Нұрасқан Мырзалы.
Еске салайық, былтыр қарашада тоғыз отандасымызбен бірге төрт шетел азаматы хостелдегі өрт салдарынан қаза тапты. Заңсыз жұмыс істеген хостелдің жертөлесінен таңға жуық от шыққан. Сол сәтте ішінде 72 адам болған. Оның 59-ы терезені сындырып, сыртқа шығып үлгерген. Бірақ ұйықтап жатқан 13 тұрғын сол күйі оянбаған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!