Желіде хит болған "Қызыл раушан" әнін орындайтын Ұланғасыр Қами Алматыға алғаш келгенде алаяқтарға тап болғанын айтты. Бұл туралы ол "Менің өмірім" бағдарламасында бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматыға арман қуып келген өнер иесі алаяқтарға қалай тап болғанын айтты.
"Биыл Алматыға көшіп келдік. Былтырдан бастап сондай жоспар құрдық, мұнда ешкімді танымаймыз, тұратын жеріміз де жоқ. Кейін бізге әкімші мен директор керек деп шештік. Шоу-бизнестен хабарымыз жоқ. Ниетіміз таза ғой. Әкімші мен директорға бірге тұрайық дедік. Кейін бізді пәтерден шығарып жіберді. Депозитіміз 100 мың, квартира 240 мың еді.
Бір күні үйдің иесі "Мына үйде кім тұрады өзі?" деп келді. Сөйтсек, ешқандай депозит те болмаған екен. Ол ақшаны 20 мың, 30 мыңнан бөліп берген. Тіпті, үйдің ақшасы 200 мыңнан да арзан екен. Бірінші пәтерімізден де сол кісінің кесірінен қуып шығыпты. Мынау не деген алаяқтық, мен келген Алматы, шоубизнес осы ма, деп жындандым", - дейді әнші.
Сонымен қатар, әнші есімінің сыры туралы айтты. Ұланғасыр Қамиге ерекше есімін атасы қойған. Оның айтуынша, 2000 жылы дүниеге келген соң, атасы жаңа ғасырдың ұланы болсын деген ниетпен ырымдап қойған. Бір қызығы, әкесінің де, анасының есімі де Жанат екен.
Еске салайық, бұған дейін Желіде Ұланғасыр Қами есімді әншінің "Қызыл раушан" атты әні кең тарап жатқаны хабарланған болатын. Қазірге дейін ресми арнада бейнебаян тоғыз миллионға жуық қаралым жинаған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!