- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Хирург көбіне қазақ...
Хирург көбіне қазақ халқына тән ауруды атады
Хирург дәрігер Қайрат Катренов қазақстандықтардың жиі шалдығатын ауруы туралы айтты. Оның айтуынша, қоғамдағы адамдардың менталитеті кейбір ауруларға бейімделгенін көрсетеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Меніңше, қазақ халқында өңештің рагы жиі кездеседі. Өңеш - ауыз қуысынан басталып, асқазанға дейін созылып тұратын түтікті ағза. Асқазандағы қышқылды ортаның өңешке қайта қайта өте беруі уақыт өте қабынуға әкеледі. Ол асқазан мен ауыз қуысы жолын жалғайтын сақиналы бұлшық еттің жұмыс дұрыс істемеуінен болады. Ал, көп қабынған жер ракқа айналуы мүмкін. Өңештің түтікшесінде пайда болған обыр ешқандай симптомдар бермейді. Кейін адамның тамағынан ас өтпей қалуы мүмкін. Ауру асқынған кезде адам жеген тамағын құсып, тамақты жұта алмай қалады", - деді хирург.
Катренов өңеш рагының неден болатынын айтты.
"Халқымызда шай мен тамақты ыстық күйінде жеп-ішу әдетке айналған. Онымен қоса, қазір көбі қуырылған тағамдардың зиянын екенін біле тұра көп жейді. Кейбір дәмханаларда бір майды өте ұзақ уақыт қолданып, тамақ жасай береді. Мұның бәрі өңештің обырына әкелуі мүмкін. Бұл қатарда семіздік те бар. Бүгінгі таңда жасөспірімдер мен балалар арасында бұл мәселе өзекті болып отыр. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің дейді бабамыз, сондықтан ата-анада балаға дұрыс тамақтану, жақсы әдет қалыптастыру жағынан үлгі болуға тиіс", - деді Қайрат Катренов.
Маманның айтуынша, әр адам жылына бір рет профилактикалық тексерістен өтіп отыруға тиіс.
"Зейнет жасына келсе де, талғамсыз тамақтанып жүрген адамдар баршылық. Әрине, бұл отбасындағы әлеуметтік мәселене байланысты болуы мүмкін. Жалпы, елімізде әлеуметтік және отбасылық мәселесі шешілмей жүрген адамдарда тамақтануға қатысты дұрыс әдет қалыптаспаған. Көбі рак секілді аты жаман аурулардың асқынған сатысында көмек сұрап жатады. Сол себепті профилактикалық тексерістен міндетті түрде өтіп тұру керек", - деді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Ордабаев